Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман айтты. Оның айтуынша, қоқыс шахталарын жабу мәселесі әзірге ұсыныс ретінде қарастырылып отыр. Егер жоба қолдау тапса, бір жарым жылдың ішінде жүзеге асыру жоспарда бар.
«Экология министрлігінің заңды хаттамалық тапсырмасына сәйкес шахталардың жұмысын тоқтату бойынша ұсыныс енгізілді. Қазіргі уақытта қала бойынша 1 066 үй болса, соның 500-і көп қабатты үйлер. Кеңестік дәуірде салынған ескі үй болғандықтан шахта мәселесі өзекті. Шахта тез толады, көлік көп. Үйдің алдына қойған көлік таңертең алынбайды. Өкінішке қарай кейде қоқыс шахталарында өрт болады. «Каспий Оперейтинг» компаниясының қоқыс шығаратын көліктері ол жерге жақындай алмайды. Әсіресе, демалыс күндері өте қиын. Сондықтан министрлік тек Ақтау қаласы бойынша емес, жалпы республикадағы жағдайды ескерген болу керек. Тапсырма бар. Сол мәселеге байланысты шахталарды жауып, оның орнына ыңғайлы етіп шщағын контейнер жәшігінің эскизін дайындап қойдық», деді ол.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары 2020 жылы санитарлық тазалық жұмыстарына 1 млрд 033 млн теңге бөлінгенін айтты.
«2020 жылы жаңа шағынаудандар (30,31а,31б,32,32а,32б,33,34,35) қосылып, тазаланатын қала аумағы 14 450 940 м2 көбейді. Сол себептен 2020 жылдың санитарлық тазалық жұмыстарының соммасы 1 033 404 мың теңгеге көбейді. Мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурс жарияланып, «Қала Жолдары» ЖШС жеңімпаз болып анықталып, 1 млрд 32 млн теңге келісім-шарт жасақталды. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады», - деді С. Гусман.
Өткен жылы Ақтау қалалық мәслихатының кезекті отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және көму тарифін көтеру мәселесі қаралды.
«Қазіргі уақытта Әділет департаментімен бекітіліп қала тұрғындарына адам басына 250 теңгеден коммуналдық төлем бекітілді. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және көму жұмыстары қаралған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер саны 2600 дана. Оның «Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 1600 дана, «Каспий оперейтинг» ЖШС теңгерімінде 1000 дана контейнерлер бар. Одан бөлек «Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 77 дана евро контейнерлер бар. Қала аумағына қосымша тағы 1500 дана контейнерлер қажет», деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары онлайн-брифингте.