Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына арнайы іс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс қорытындысы бойынша жедел кеңес өткізді.
Бүгінгі күні облыста коронавирустық инфекция жұқтырған 2519 жағдай анықталды. Сауыққандар саны 1861 адам, ол жалпы ауырғандардың 74%. Коронавирустың респираторлық симптомдары бар науқастарға уақытылы көмек көрсету үшін 126 мобильді бригада жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өңірде бір айлық дәрі-дәрмек қоры жеткіліксіз. "СК-Фармация" ЖШС мен облыс әкімдігі бірлесіп бір апта ішінде барлық қажетті жұмыстар жүргізеді. Облысты дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, карантин режимін қатайтудың мониторингі күшейтіледі. Облыстық полиция департаментінің күшімен жаяу патрульдер мен арнайы мониторингтік топтар ұйымдастырылады.
Жиынды қорытындылай келе Премьер-Министрдің орынбасары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы босаңсуға себеп болмауы керегін ерекше атап өтті.
- Аурудың өткір кезеңі өтеді, бірақ еш жағдайда босаңсуға болмайды. Сапалы емдеуді ұйымдастыру, дәрі-дәрмекпен, қорғаныс құралдарымен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты одан әрі күшейту қажет. Карантин алынғаннан кейін вирус бірден жоғалмайды. Санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігі туралы әрбір тұрғынға жеткізу міндеті аса маңызды болып қала береді, деді Е. Тоғжанов.