«Jas Otan» ЖҚ белсенділері көпбейінді провизорлық стационарға 35 дана матрас жеткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық ауруханасы көпбейінді провизорлық стационарға ауыстырылды. Науқастардың көптеп түсуіне байланысты ауыр науқастарға арналған матрас (противопролежный матрас) жетіспеушілігі байқалды.
Осыған байланысты "Jas Otan" ЖҚ Орталық аппаратының қолдауымен, демеушілердің көмегімен волонтерлер матрастарды сатып алып, ауруханаға табыс етті.
«Бүгін біз демеушілердің арқасында 35 матрас сатып алып, көп салалы провизорлық стационарға жеткіздік. Бұған дейін аурухана басшылығы матрастар мен төсек-орын тапшылығы туралы мәселені айтқан болатын. Сондықтан келесі аптадан бастап біз төсек-орын тігу бойынша жаңа акцияны іске қосуды шештік. Бірлескен күш - жігерімізді пайдаланып, қоғамға үлес қосатынымызға сенімдімін», - деді "Jas Otan" ЖҚ МОФ төрағасы Наурызбек Мағдатов.
«Қазіргі жағдайға байланысты бізбен барша қайырымды жандар бірге бір кісідей атсалысып жатыр. Осыдан 4-5 күн бұрын облыстық "Jas Otan" жастар қанатының төрағасы хабарласып, қандай қажетті құралдар керек екенін сұраған. Реанимациядағы науқастарға матрастар керек екенін айтып едім. Бүгін, сол науқастарға 35 дана матрасты әкеліп тапсырып жатыр. Көмек үшін науқастар атынан «Jas Otan» ЖҚ орталық аппаратына, облыстық филиалының өкілдеріне, жастарға үлкен алғыс білдіремін! Біз бірге осы індеттен шығатынымызға сенемін! » - деді Айтбиби Өтегенова, Маңғыстау облыстық ауруханасы, бас мейірбикесі.