Асыл дініміздегі ең сауабы мол амалдардың бірі – жомарттық. Жомарттық – мұқтаж жандарға мүмкіндігіне қарай Алланың разылығы үшін, басқа мақсаттарды көздеместен көмектесу. Бұл -Алланың құдіретіне деген адал сенім мен жоғары адамгершілікті көрсететін қасиет. Адам өзгелерге көмектесіп, оның қажеттілігін өтеу арқылы өзін бақытты сезінеді.
Халқымыз «Байлыққа жомарттық жарасады» деп, әрдайым мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, көмек көрсетуге шақырып отырған. Өйткені, қандай кезде де ислам әлсіздерге демеу болып, жарлыларға тіреу болған. Қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресінің 38-аятында «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер, Алладан теріс айналсаңдар, сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» делінген.
Жомарттық - адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі саналады. Дін бойынша өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын беру сауапты амал. Жомарт жан тек Алланың разылығына ғана үміттенеді, жасаған жақсылығы үшін ешкімнен жақсы сөз не алғыс күтпейді. Өзінен аса артылып жатпаса да, өзгенің шаруасына араласып, оның қажет дүниесін тауып берген жанды Алла нығметке бөлейді екен.
Құранда жомарттық Алла жолындағы күреспен тең саналатыны айтылған. Пенденің өзінің ризығынан өзгелерге беру керектігі «Бақара» сүресінде «Уа, мүміндер! Біз сендерге жіберген мал-мүліктерден сауда-саттық, достық, жанашырлық болмайтын күннен бұрын Алланың жолына жұмсаңдар. Ал, оған қарсы келгендер-залымдар» деп көрсетілген. Алла тағала қолы ашық құлдарын жақсы көреді. Тағы бір хадисте «Жомарт-Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, жәһаннамнан алыс. Сараң-Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, жәһаннамға жақын» делініп, жомарттықты жақтап, сараңнан сақтандырады. Сондай-ақ, «Әли Имран» сүресінде «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, мұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойнына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Алланікі. Алла тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар» деп сараңдықтың мұсылманға тән қасиет емес екендігін айтады.
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде қазіргі қиын кезеңде қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылуда. Әрине, бұл істер жомарт жандардың қатысуымен өтеді. Қаламызда да өз кәсібінің несібесін көріп, оның үстіне мұқтаждарға қол ұшын беріп жүрген кеңпейіл кәсіпкерлер, жомарт жүректілер жеткілікті.
Қайрат Маманбаев,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы