ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі індеттің өршуіне байланысты өңірлерде санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, көбірек, истиғфар, салауат айтып, садақа ниетімен құрбандық шалуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осыған орай, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің және облыстық әйел-қыздар секторының бірігуімен, ірі қара малы құрбандыққа шалынып, еті мұқтаж отбасыларға таратылды, деп хабарлайды мешіттің баспасөз қызметі.
Бас муфтидің төрағалығымен онлайн режимдегі өткен жиында халықты жұқпалы аурудан сақтандыру мақсатында халыққа психологиялық қолдау білдіріп, сабырға шақырып отыруды тапсырды. Дүйім елдің басына төнген қауіпті кезеңде Аллаға дұға арнап, рақым, медет сұраймыз. Мына дүниенің жаратушысы Алланың бұйрығымен, ауыр күндер артта қалып, жақсы күндерге жетерміз деп сенеміз, дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.
Ақтау мешітінде ірі қара малы құрбандыққа шалынып, еті тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Мешіт тізімінде тұрған көп балалы және жалғызбасты аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Қайырымдылық шараларын өткізуді дәстүрге, мұқтаж жандарды қолдауды әдетке айналдырып келеміз. Бұл отбасылар мұндай көмекке зәру. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезде әлсізге демеу болып, науқасқа шипа тілеу маңызды. Қауіпті індет елімізден іргесін әрі салып, дертке шалдыққандар тезірек айықса екен! дейді Маңғыстау облыстық Бекет ата мешіті жанындағы әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақмарал Қазиева.
Онлайн жиында пандемия кезіндегі діни рәсімдерді санитарлық талаптарға сай ұйымдастыру, онлайн уағыз-насихат пен Құран хатым оқуды жандандыру және алдағы Құрбан айт мерекесіне дайындық жасау бағытында тапсырмалар берілген болатын. Ақтау мешіті бұл жұмыстарға дайындықты таяу күндері бастамақ.