Бірден ашып айтсақ, мұнай саласына сервистік қызмет көрсететін «КезБи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Маңғыстаудағы мақтаулы компаниялардың бірі. Аталған компанияға жұмыс істеуге табанын бір іліктіруді армандап жүрген жан қаншама?! Өйткені серіктестік жұмысшыларының шұрайлы тұрмысы, уақытымен алатын жарытымды жалақысы қызықтырмай қойсын ба! Сөйткен үлгілі «КезБи» мекемесінде дау туды. Компанияның бір топ жұмысшысы мекеме алдында ереуілдетіп тұрған видео ел аралап кетті. Қолдарына ашулы сөздер жазылған плакаттар ұстаған жігіттердің алдына шыққан белсенді Мемлекет басшысына үндеу жолдайды.
– «КезБи»компаниясында 2019 жылдың орта тұсында жұмысшылар арасында толқу басталды, себебі сол мезгілде тыстан жалдамалы 12 бригада жұмыс істеп тұрды. Толқуға себеп – жұмысшылар жыл аяғында жұмыс көлемі бітіп қалса, заңсыз ақысыз демалысқа жібереді екен деген қауесет. Қарапайым жұмысшылардың заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін болғандықтан, белсенді азаматтар келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында жұмыскерлер мүддесі мен пікірін кәсіподақ ұйымы арқылы заң аясында, әлеуметтік әріптестік негізінде ортаға салуды жөн көрдік. Кәсіподақ ұйымын құрып, тіркелдік. Мұның арты дауға ұласты, деген кәсіподақ төрағасы А.Джапаров орын алған мәселелерді тәптіштей жазған қағазды жолдады. Жазбада басшылық пен кәсіподақ ұйымы арасындағы келіспеушілік егжей-тегжейлі айтылған. Алайда, оның бәрін тізбектеп беруді газет беті көтермейтіндіктен және мәселелермен танысып, ақ-қарасын шешетін заң органдары, билік орындары болғандықтан тоқталып жатуды артық санадық. Оның үстіне А.Джапаров бастаған кәсіподақ мүшелері құзырлы орындарға арыз-шағымдарын жолдап, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, сондай-ақ жергілікті әкімдік деңгейінде комиссия құрылып, үшжақты кездесулер мен отырыстар өткізіліп жүргендіктен мәселені жіліктеп-жіктеуді қажет санамадық.
Бірақ А.Джапаровтың айтуынша, бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылысымен басшылық тарапынан кедергілерге, қудалауға ұшыраған. «Жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық, масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, аталған келеңсіз нәрселерді пайдаланғандарды анықтау мақсатында өндірістік қамту базасының ішінде заңсыз медициналық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде 30-ға тарта адамды жұмыстан заңсыз босатты» делінген хатта. Осылайша өз уәждерін айтқан «Yntymaq» салалық кәсіподағы құрылымдық бөлімшесі – бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері «КезБи» ЖШС-не қояр «кәсіподақ мүшелерін қудалау тоқтатылсын және кәсіподақ жұмысына араласпасын. Кәсіподақ ұйымы ашылғалы жұмыстан босатылған жұмыскерлер өз жұмыстарына қабылданып, осы күнге дейінгі жұмысқа шықпаған күндері үшін ақша төленсін және тәртіптік жаза туралы шығарылған бұйрықтың күші жойылсын. Сондай-ақ еңбек заңнамасына сай жұмыскерлерге жұмыс істеуге кедергі келтірілмесін, қауіпсіздік қызметі өздерінің лауазымдық міндеттемесіне сай жұмыс істесін, жұмыскерлердің өндірістік жұмысына араласпасын» деген талаптарын жеткізді. Бірнеше құзырлы орындарға хат жіберіп, Мемлекет басшысына үндеу жолдаудағы басты мақсат та осы екен. Бірақ бұған дейін бірнеше құзырлы орындарға арызданған олар өз дегендеріне, яғни, талап-тілектеріне жете алмай жүр...
«Ешкімге қиянат жасап көргеніміз жоқ»
Мәселеге орай түсінік берген компания басшысы Бітім Кезбаев басшылық тарапынан жұмыскерлерді қудалау, заңсыз жұмыстан шығару жағдайларының орын алмағандығын, не нәрсенің де, қандай әрекеттің де заң аясында жасалуы тиіс екендігін, сол себепті тәжірибелі басшы, мұнай саласының ардагері ретінде өзі басқарып отырған мекемеде заңбұзушылыққа, тәртіпсіздікке жол бере алмайтындығын айтты.
– Серіктес болып құрылған 1992 жылдан бері абыройлы еңбек етіп, жұмысшылармен қоян-қолтық сыйластықта, ауызбіршілікте жұмыс жүргізіп келе жатқан мекеменің ел арасында абырой-беделі жоғары. Бұған дейін ұжым ішіндегі тәртіп-тазалыққа немесе өндірістік қызметімізге мін тағып, сын айтқандар болған емес. Ал аталған кәсіподақ ұйымы белсендісінің уәжі орынсыз, біржақты кінәлауға құрылған, дейді ол.
2019 жылы мекемеде қауіпсіздік қызметі құрылып, өндірістік қауіпсіздік мақсатында жұмысшыларды тексереді. Мекеменің 900-ге тарта қызметкері тексерістен өткенмен, үзілді-кесілді бас тартқандар да болмай қалмайды. Сондай-ақ жұмысшылар тарапынан ұжымішілік еңбек тәртібін бұзу қайталанған жағдайлар да есепке алынып отырған және мұндай келеңсіздіктер заң бойынша, яғни еліміздің Еңбек кодексіне сай реттеліп отырған. Тіпті айтуларынша, 2020 жылы өндірістік база аумағынан есірткі заттары табылғандықтан қауіпсіздік қызметінің басшысы серіктестік басшылығына хат жазып, нәтижесінде дәрігерлік тексеріс жүргізуге мәжбүрлік туындапты. «Медлабцентр» деген мекемені жалдап, ақпан айынан бастап тексеріс жүргізілгенде 1000-ға жуық жұмысшының 24-інен оң нәтиже анықталады да олар заңға сәйкес жұмыстан босатылады. Сондай-ақ компания басшылығы бұл жайттардың барлығының құжаты бар екендігін, олардың бірқатарының өз кінәсін мойындағандығын, алайда «Yntymaq» кәсіподақ басшылығының оларды қорғап, қатесін мойындаса да жұмысқа қайта алуды сұрағандығын айтады.
Ал кәсіподақ мүшелерін қудалауға қатысты ұжымда 2019 жылы күзде құрылған «КезБи-Бірлік» деген кәсіподаққа жұмысшылардың 700-ге жуық адамы мүше болса, «Yntymaq» кәсіподағына 250 шамалас адам мүше екендігін білдік. «Yntymaq» кәсіподағына әу баста 300 адам мүше болса, кейіннен бірқатары бас тартқан. «Yntymaq» кәсіподағы басшылығы оларды мәжбүрлеп «КезБи-Бірлік» кәсіподағына мүше еткендігін айтады. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға орай Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары бастаған комиссия құрылып, мәселенің мән-жайын анықтауда. Расында мәжбүрлікпен екінші кәсіподаққа мүше ретінде тіркелгендер бар ма, жоқ па – анықтау комиссия құзырында.
Орын алған оқиғаны анықтау мақсатында әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін Өңірлік жұмыс тобының отырысы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаевтың төрағалығымен 2019 жылдың 23 желтоқсан күні өткізіліп, қорытындысында әр тарап өзіне міндеттемелер алған. Мекеме басшылығы аталған міндеттемені лайықты орындап келе жатқандығын, компания басшылығы тарапынан оған дейін де қандай да бір заңбұзушылық жағдайларының орын алмағандығын айтады.
Айтуынша, еңбек қауіпсіздігі – назардан тыс қалдырылмайтын бағыт. Ірі компанияға сервистік қызмет көрсетіп отырғандықтан қауіпсіздік мәселесінің маңызы зор. Сондықтан, жұмыскерлердің денсаулығын, тәртібін ұдайы қадағалап отыру ешкімге зияны тимейтін әрекет, ал қандай да бір өрескел қылығымен немесе әрекетімен танылған немесе жоспарлы медициналық тексерістен бас тартқан азаматтар өзгеге емес, тек қана өзіне ренжуі қажет. Сондай-ақ компания жұмысы мен іс-әрекетін заңсыз деп тапқан жағдайда Мемлекет басшысына үндеу жолдамас бұрын сотқа беріп, әділдігін сот арқылы шешуге де болатын еді ғой, дейді басшылық. Олай айтатыны – бұған дейін компания тарихында ондай жайт болған – арызданушы сотта өз талабының дұрыстығын дәлелдегендіктен компания оны жұмысқа қайта алып өтемақысын төлеген екен. Сол секілді егер компанияның әрекеті, шарасы дұрыс емес болған жағдайда біз қашпаймыз, дейді олар. Бірақ өздерінің заң аясында әрекет еткендеріне бек сенімді.
– Біз адамдарды қай кәсіподаққа мүше екендігіне қарап бөлмейміз, бізге керегі – ұжымның берекетін кетірмей, өзара сыйластықта жұмыс жасау, ірі компаниялардан тендер бойынша алынған жұмысты лайықты орындау. Компаниямызда айлық былтырғыдан 10 %-ға өсті, былтырдан бастап жұмысшыларға еңбек демалысына қосымша денсаулық ақшасы төленіп келеді. Қызметкерлердің отбасыларында әртүрлі жағдайлар орын алғанда мүмкіндікке қарай көмектесіп келеміз, дейді Б.Кезбаев.
«Ынтымақ болса, ырыс бар»
Өз уәждерін алға тартқан екі тараптың дауына нүкте әлі қойылған жоқ. Бірақ мұнай компаниялары үшін ұңғыларды күрделі жөндеу мен қалпына келтіру, сондай-ақ бұрғылау жұмыстары қызметін көрсететін «КезБи» компаниясы ізі мен үлесі Маңғыстау, Атырау өңіріндегі ірі кен орындарында сайрап жатыр. Бүгінгі таңда 1200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, облыс көлеміндегі әлеуметтік-мәдени, спорттық шараларға тұрақты түрде белсенді демеушілік көрсетіп келе жатқан компанияның Маңғыстау өңіріндегі ірілі-ұсақты демеушілігіне толықтай тоқталу мүмкін емес, әйтсе де ауылдар мен тарихи орындарға үнемі қолдау көрсетіп жүргендігін айтуға тиіспіз. Сейсем ата қауымына, Үштаған ауылына мал суару үшін және Сенек ауылының 50 жылдығына орай су ұңғымалары қазылса, Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің су ұңғымасына жөндеу жүргізілді, сондай-ақ Бекет ата кешенінің су ұңғымасы ұдайы компания жауапкершілігінде. Жаңаөзен қаласында ипподром мен саябаққа жөндеу жасалса, Батыс Қазақстан облысында орын алған су тасқыны кезінде 1 млн 947 мыңнан астам теңге аударғаны бар. Жаңаөзен қаласында қар, жаңбыр сынды табиғаттың тосын қиындықтары кезінде халыққа қол ұшын созатын мекеме мұнайлы қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты көмек көрсетіп келеді. Одан бөлек туберкулез диспансеріне құрал жабдықтар, жыл сайын мектеп оқушыларына және мектептерге көмек көрсетіп, Жаңаөзенде мешіт құрылысын салуға демеушілік көрсеткеніне ел риза.
Компанияда орын алып отырған келеңсіз жағдай құзырлы орындар тарапынан ақ-қарасы терең зерделеніп, әділ шешімін табады деп күтеміз.
«Біз ешкімге қиянат жасамаймыз, мақсатымыз – ел экономикасына қызмет етіп, үлес қосу, ұжымда ауызбіршілік болғаны керек» дейді «КезБи» басшылығы, «талабымыз орындалсын, жұмыстан шығарылғандар қайта орнына алынсын» дейді «Yntymaq» кәсіподақ ұйымы мүшелері. «КезБи»-дей тұрақты, сенімді жұмыс жүргізіп жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестік жоқ қазір. Бүгін бар, ертең жоқ мекемелер жетерлік. «КезБи»-де жұмыс істеу бақыты бізге бұйырса ғой!», - дейді үш баласы мен жұмыссыз жарына жәрдемге келер небәры 29 мың теңгені жеткізе алмай абдыраған қазақ жігіті...
Гүлайым ДӘУІТБАЙ
Маңғыстау облысы