Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтаудан 20 шақырым қашықта салынып жатқан «RIXOS AKTAU» көпфункционалды туристік қонақ үй кешенінің аумағында «Rixos Hotels» компаниясының президенті Феттах Таминджемен кездесіп, бірқатар атқарылатын жұмыстарды талқылады. Бүгінде демалыс кешенінің 90 пайызы аяқталып тұр. Құрылыс алаңында екі ауысыммен 1 500 жұмысшы тынымсыз еңбек етуде. Мұнда 500 бөлмесі бар 5 жұлдызды қонақүй бой көтеруде. 7 бірдей теннис корты мен футбол алаңы салынып жатыр. Жағалауды жасыл желекке айналдыру үшін Италия мен Түркиядан арнайы экзотикалық ағаштар әкелінген.
Жоспарға сәйкес туристік нысанның 1-кезеңі биыл шілде айында аяқталып, қонақтарын қабылдай бастайды. Мұнда келушілер еліміздегі ең ірі аквапарк пен ашық бассейндерге түсіп, оларға халықаралық деңгейде қызмет көрсетіледі. Осылайша, туристік жоба Маңғыстау өңіріне ерекше серпіліс бермек. Отандық туризмнің әлеуеті артады, экономикасы дамиды, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Орталық іске қосылған бойда 750 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.