Сәуір айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚР ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген бірнеше ұсынысы онлайн режимде қаралды. Бұл туралы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қашықтан өткен жиындарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Б.Жылқыбаев, басшының бірінші орынбасары С.Қаныбеков, тергеушілер, сондай-ақ облыстық Білім басқармасы, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшылары мен мамандарының қатысуымен өткізілді.
Жиында аталған мекемелерге қарасты бұрынғы басшылар мен қызметкерлердің заңсыз іс-әрекеттері қаралды.
Сондай-ақ, онлайн мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа алып келген жағдайлар мен мән-жайлар, бюджет қаражатын жымқыру деректері талқыланды. Айта кетейік, өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, пара алу әрекеттеріне жол берген қызметкерлердің ісі де назардан тыс қалмады.
Аталған мәселелер талқылана келе департамент тарапынан сәйкесінше ұсыныстар беріліп, осы мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының дұрыс орындалуына көңіл бөлінетіні айтылды.