Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай өңірде жұмыстарына кірісетін мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарының тізімін жариялады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзартуды және кейбір кәсіпкерлік қызмет түріне рұқсат беру туралы мәлімдеме жасады.
Осыған орай, карантин талаптарын жеңілдетуге қатысты Маңғыстау облыстық жедел штабы өз жұмыстарына кірісетін мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың келесідей тізімін жасақтады. Төмендегі нысандар 29 сәуірден бастап жұмыстарына кіріседі:
Сағат 09:00 – 18:00 аралығында жұмыс істейтін мекемелер:
- химиялық тазалау;
- аяқ киім жөндеу және кілт жасау шеберханалары;
- кір жуатын орындар;
- шаштараз, ал сұлулық салондарына рұқсат жоқ;
- көлік жөндеу орталықтары (бір уақытта 3 көліктен артық болмайды);
- тұрмыстық техника және электр құралдарын (жабдықтарын) сататын нысандар (тек жеткізу қызметі арқылы);
- құрылыс және сантехника материалдарын, автобөлшектер мен майлау материалдарын сататын объектілер (тек жеткізу қызметі арқылы);
- оптика;
- ломбардтар, микроқаржылық ұйымдар, айырбастау пункттері;
- шиномонтаждар;
- гүл дүкендері (тек жеткізу қызметі арқылы);
- орг техниканы жөндеу қызметі;
- жарнама агенттіктері, типографиялар (өтініші бойынша).
Алайда, бұл рұқсат етілген нысандар бөлек тұрған немесе көшеге бөлек шығатын есігі бар болуы тиіс және санитарлық жұмыстарын қатаң сақтауы тиіс.
Сонымен бірге,
- азық-түлікке тапсырыс беруді қамтамасыз ететін сауда агенттері (өтінім әдісі бойынша);
- зоодүкендер, жануарларға (малдарға) арналған жем, көшеттер, тұқымдар мен тыңайтқыштарды сату объектілері;
- спорт тауарларын сататын дүкендер (тек жеткізу қызметі арқылы);
Ал,
- дайын тамақты жеткізу қызметі сағат 10:00 – 22:00 аралығында жұмыс істейтін болады, алайда жеткізу көліктерін «Сергек» базасына енгізу керек және мекеменің растаушы құжаттары болуы тиіс. Базаға енгізу үшін колл орталығына 301177 нөміріне байланысуыңызға болады.
Сонымен бірге, мемлекет басшысы оқшаулану кезіндегі кішкентай балалардың жағдайына да тоқталып өткен болатын. Сондықтан, ата-аналарға балаларын үйдің ауласында сағат 10:00 – 12:00 және 17:00 – 20:00 аралықтарында ойнатуға рұқсат беріледі. Балалар да, ата-аналар да міндетті түрде маска киіп жүруі керек. Алайда, КСК қызметтері балалар ойын алаңдарына тұрақты түрде дезинфекция жұмыстарын жүргізіп тұруы тиіс.
Жағдайға байланысты карантин талаптарын жеңілдету жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасатын болады.
Жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарына арнайы рұқсат қағаздарын алудың қажеті жоқ. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары бұл нысандарға қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде нұсқаулықтар тарататын болады. Кәсіпкерлік нысандар нұсқаулық талаптарын орындауға міндетті және бұл бағытта үнемі мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Орындамаған жағдайда заңға сәйкес шаралар қабылданатындығын ескертемін.
Ал, жалпы көліктердің қозғалысы өзгеріссіз қалдырылады, яғни күнделікті сағат 06:00 – 10:00 және 17:00 – 21:00 аралығында жүруі тиіс.
Бұл өзгерістердің барлығы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданына қатысы жоқ. Яғни, бұл жерлерде бұрынғы карантиндік режим сақталады.