14 сәуірде Сенатқа «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы ұсынылғаны белгілі. Бұл бүгінгі таңдағы саяси реформалар жүйесіндегі аса маңызды құжат болумен қатар Президент Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған бірден-бір шешуші қадам екендігі сөзсіз.
Осы орайда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» қолданыстағы заңның қабылданғанынан бері ширек ғасырдан астам уақыт өткендігін және еліміздің саяси-әлеуметтік-экономикалық саласында түбегейлі өзгерістердің болғандығын ескерсек, бұқара халықтың бейбіт жиналыстар арқылы өз ұстанымы мен ой-пікірін білдіру мүмкіндігін барынша кеңейту қажеттігінен туындап отырған бұл тарихи-қоғамдық үдеріске мемлекет басшысы тарапынан дер кезінде мән беріліп, жедел шешім қабылдауы осы заңның қызу талқыға түсіп, отандық, әлемдік сарапшылардың ой елегінен өтуіне, әзірленуіне мұрындық болды.
Белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері атынан бейбіт жиындар туралы қазақстандық осы заңның ТМД мемлекеттері кеңістігіндегі ең либералды жоба болып шыққандығы айтылып жатыр.
Философиялық сөздікте либерализм - жеке құндылықтарды (құқықтар мен бостандықтарды) барынша толық жүзеге асыру үшін қоғамды реформалау қажеттігіне негізделген идеялық үрдіс деген анықтама берліпті. Яғни осы заң жобасындағы басымдықтың халықтың ой-пікір бостандығына беріліп отырғандығы сарапшылар тарапынан жоғары бағалануда. Оның себебі заң жобасын әзірлеу үдерісінде халықаралық, әлемдік тәжірибелердің және әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікірлерге жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерінің кеңінен пайдаланылғандығы деп танимыз.
Балкенже Ақбердыева,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиалы РМҚК
«Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету» кабинетінің доценті