Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың шешімімен аймақтағы жедел жәрдем қызметінің барлық 633 қызметкеріне 2 жалақы мөлшерінде үстемақы берілетін болды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 78 миллион теңге бөлінді. Қазір облыста барлық шақыртуларға 46 жедел-жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Еңбекақысына қосымша бұл қаржы жедел жәрдем қызметкерлерінің осыған дейін мемлекет тарапынан үстемақы алған-алмағанына қарамастан барлығына бірдей беріледі.
«Қауіпті індетпен күресуде тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерлер, фельдшерлер, санитар қызметкерлер мен жүргізушілердің еңбегі ерен. Дәрігерлерге облыс халқының атынан алғысымды айтамын», деді облыс әкімі С.Трұмов.