Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы Серікбай Трұмов Бейнеу ауданындағы жұмыс сапары барысында Боранқұл және Бейнеу ауылындағы бірқатар сауда орталықтарында болып, азық-түлік бағаларына бақылау жасады. Еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік бағаларының негізсіз өспеу керек екенін айтып, кәсіпкерлерге осындай қиын сәтте бағаны тұрақты ұстап отырғаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Боранқұл ауылындағы аурухана және блок бекетіне барып, карантин режиміне дайындық мәселелерін бақылап, дәрігерлермен кездесті. Кездесу кезінде ақ халатылардың коронавирусқа қарсы қолданатын құрал-жабдық, арнайы қорғаныс киімдерін пысықтады.
Айта кетейік, елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты 19 наурыз күні Боранқұл ауылында Бейнеу-Атырау тас жолының бойында блок бекеті қойылды. Бекет ауданнан 122 шақырым қашықтықта орналасқан. 3 сәуірдегі Маңғыстау облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына сай Бейнеу ауданына көліктердің кіруіне шектеулер қойылып, тек азық-түлік тиелген көліктер тексеріспен өткізілуде. Блок постта жол патрульдық полиция, медицина, санитарлық- эпидемиологиялық зерттеулер мамандары және әкімдік қызметкерлері тәулік бойы әр жолаушыны тексеріп, қауіпті індеттің алдын-алу мақсатында жұмыс атқаруда. Карантин режимі енгізілгелі посттан Тәжен бекетіне қарай 1345 көлік, 6015 адам өткізілген. Оның 1986 адамы шет ел азаматтары.
Сондай-ақ, облыс әкімі бастаған жұмыс тобы ауданға қарасты Есет, Сарға ауылдарына арнайы барып, карантиндік шаралармен танысты. Облыс әкімінің іссапары аудан орталығында аудандық жедел штаб отырысымен жалғасты. Аймақ басшысы әлемді дүрліктірген короновирусқа қарсы сақтық шараларын барынша күшейтіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру керектігін тапсырды.
«Өкініштісі инфекция елді–мекендерге де жетті. Жағдай қиын, сондықтан бұл дерттің қаупін әлі де терең түсінбей немқұқрайлық танып жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын күшейту керек. Әр азамат санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз шаңырағынан шықпай оқшаулану керек. Сонымен қатар, бірінші керекте тұтынатын азық-түліктің шектік бағасынан асып кетпеуін бақылау керек. Ол үшін арнайы мониторинг тобын құруды тапсырамын» - деді С.Трұмов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы көлік қозғалысына да қатысты қатаң бақылау болу керектігін тапсырды. Тұрғындар белгіленген уақытқа сай жұмыстарына барып келетін уақыттан бөлек көліктер жүрмеу керектігін қатаң тапсырды. Бейнеу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан өзге елден келуші жүк көліктері бар. Оларға дүкендерге кіруге рұқсат беріліп, елді-мекенннің ішіне кіруге тыйым салыну керектігінде ескертті. Бұл сақтық шаралары елдің саулығы, қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын жұмыстар екенін жеткізді.
Сонымен қатар, штаб отырысында шешуін кейінге қалдырмауды талап ететін негізгі мәселелер ортаға салынып, короновирус инфекциясының тарауына жол бермеу шараларының кешенді жұмыс жоспары бекітілді.