Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты үндеуі – қазақ көшбасшысының көрегендігін кезекті рет көрсетті.
Елбасы Н.Назарбаев тұтқиылдан келген жаман індет - коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндірген кезге қазақ халқын сабырға, ынтымаққа, бірлікке шақырды. Еліміз қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісіп, тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн, - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл ретте, Маңғыстау өңірінде де нақты шаралар қолға алынды. Расында да, бұған дейінде қазақ халқы небір қиындықтарды бастан кешіріп, олардың барлығынан сүрінбей өтті.
Партия Төрағасы өз сөзінде Бауыржан Момышұлының: "Тәртіпсіз - ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды" деген қанатты сөзін еске салды. Шынымен, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды деген сөзіне толықтай қосыламын. Бізге де ең алдымен халықтың денсаулығы маңызды, ол үшін барлығымыз ортақ тәртіпке бағынуға тиіспіз. Сонда ғана бұл індеттен тез арыламыз.
Нұрсұлтан Назарбаев өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкерлерге риза екендігін білдіріп, осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірді. Айта кету керек, маңғыстаулықтар да жомарттық таныта білді. «Biz birgemiz» акциясы аясында еліміздегі 30 000-ға жуық әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсетілсе, соның ішінде Маңғыстау өңірі бойынша 1682 отбасы қолдауға ие болды. Аталған акция жалғасын табады.
Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі - бір-бірімен етене, егіз ұғымдар деген Елбасы, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын жеткізді және өзінің қазақ халқымен бірге болғанын, бұл жолы да бірге екендігін айтып өтті.
Біз біргеміз сөзін ұрандатып, қиындықтан қайыспай шығуға бет алуымыз керек. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды "Мәңгілік ел" болуға лайықты ете аламыз және бұл біздің қолымыздан келеді.
Елубай Әбілов,
“Nur Otan” партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары