Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде короновирус індеті пайда болып, тұрғындар тірлігі төтенше жағдайға көшті. Қиын кезде көптеген аз қамтылған отбасыларды мемлекет қолдап, кәсіпкерлер қол ұшын созуда. ҚМДБ Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің ұйымдастыруымен өңірде қайырымдылық шаралары өтуде. Маңғыстау ауылдық Миғраж мешітінің ұйымдастыруымен, ірі қара құрбандыққа шалынып, еті 50 мұқтаж отбасына үлестіріп берілді. Ақшұқыр ауылдық мешітінің имамдары 15 мұқтаж отбасына азық-түлік таратса, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде де қайырымдылық акциясы болып өтті. Ақтау мешітінің қызметкерлері 25 отбасына азық-түлік таратып, ондаған жанұяға қой етін үлестірді.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың айтуынша, соңғы күндері 100 отбасына көмек берілген. Қайырымдылық шаралары алдағы уақытта жалғасын тауып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі.