Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев мәлімдеді.
«Өңірде карантин жариялануына байланысты арнайы колл-орталық жұмыс істеп жатыр. Аталған орталыққа көптеген сұрақтар түсуде, көбі – жеке көліктерге қатысты. Жеке көліктерге қала ішінде не аудан ішінде 3 жағдайда ғана рұқсат берілетін болды», - деді Ержан Күмісқалиев.
1) жұмыс бабында, оның ішінде жеке көліктер, қызметтік көліктер және өндіріс пен құрылысқа қажет ететін арнайы техникалар, сонымен бірге коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы және байланыс қызметтері үшін;
2) азық-түлік сатып алуға, оларды жеткізуге және тасымалдауға;
3) дәрі-дәрмек және медициналық құралдарды сатып алуға, оларды жеткізуге және тасымалдауға.
Ескеретін жағдай, жұмысқа баратын әр тұрғынның қолында жұмыс орнынан берілген анықтама және жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет. Егер жұмысшының аталған анықтаманы басқа жағдайда пайдаланса, жұмыс беруші де, жұмысшы да жауапқа тартылады.
«Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Ауырып қалады, баласына ауруханаға баруына тура келеді, жақын туысы қайтыс болады дегендей. Сондай жағдайларда көлік иелері тәртіп сақшыларына жағдайды түсіндіріп, жүруіне болады», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.
Егер сіздің көрші ауылда шаруа қожалығыңыз болса, қажетті жағдайда сіздің оған баруыңызға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ, міндетті түрде сіздің сол шаруа қожалығының немесе жердің иесі екеніңізді растайтын құжатыңыз болуы тиіс. Ал, басқа жағдайда, қалааралық және ауданаралық бағыттарға жеке көлікпен жүруге тыйым салынады. Мәселен, сіз Ақтаудан Жаңаөзен қаласына қатынап жұмыс істейтін болсаңыз, уақытша (карантин аяқталғанша) сол жұмыс істейтін Жаңаөзен қаласына барып тұруыңыз қажет болады.
Ең бастысы тұрғындар өз және жақындарының денсаулығына жауапкершілік танытып, беймезгіл бостан-бос жүрмеу керек. Ол кезде заңнамаларда көрсетілген тәртіппен қатаң жазаланады.