Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Маңғыстау» теміржол вокзалының басшысы Алма Айымқұлова хабарлады.
20-наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілгеніне байланысты, «Маңғышлақ – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыздың соңғы бекеті болып Атбасар белгіленсе, «Маңғышлақ – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы тек Шу бекетіне дейін жүрді. Аталған бағыттар 30 наурыз күні жолаушыларды тасуды тоқтатты.
Сондай-ақ, жергілікті Маңғыстау – Бейнеу бағытындағы пойыз да 30 наурыз күні соңғы рет жөнелтілді. Айта кетейік, ертеңнен бастап Маңғыстаудан Атырау, Ақтөбе қалаларына қатынайтын барлық пойыздар тоқтайды.
Өз кезегінде, Алма Айымқұлова төтенше жағдай кезінде вокзалдың жұмыс істеу тәртібін, сақтық шараларын айтып өтті. Келіп-кетуші жолаушылардың барлығын экпидемиологтар арнайы құрал-жабдықтармен, тепловизорлармен тексеретінін мәлімдеді. «Осы күнге дейін вокзалда коронавирустық инфекция анықталған жоқ. Қызметкерлеріміз бен жолаушылардың қауіпсіздігі тиісті мамандардың жіті бақылауында», - деді Алма Айымқұлова.