Ғаламдық бастамаға айналған шара Ақтау және Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия мен Мұнайлы аудандарында өтті. Осылайша Маңғыстау өңірі бүкіл әлеммен бірге «Жер сағаты - 2020» халықаралық акциясына белсенді түрде қатысып, тұрғындарды климаттың өзгеру проблемасына назар аудартуға үлес қосты.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаевтың айтуынша, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бастамасымен алғаш рет 2007 жылы Аустралияның Сидней қаласында бастау алған ғаламдық шара «Жер сағаты» деген атауға ие болған. Акция барысында WWF планетаның болашағына бейжайсыздық белгісі ретінде жарықты және тұрмыстық техниканы бір сағатқа өшіруге шақырады.
Сенбі күні жергілікті уақытпен 20:30 – 21:30 аралығында бірқатар ірі және орта бизнес субъектілерінде, сонымен қатар Ақтау қаласы бойынша 3 орталық көшеде жарық уақытша сөндірілді. Атап айтқанда 1 ш/а бастап 15 ш/а «Азаматтарға арналған үкімет» Маңғысытау облыстық филиалы ғимаратына дейін, облыс әкімдігінен Басқұдық ауылының 18-ші шақырымы және «Самал» ш/а бастап «Ақбота» саябағына дейін.
«Аталмыш шараға Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан бөлек, аудандар да белсенді қатысты. Бірқатар көшелерде жарық өшірілді. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 300-ге жуық жарық шамдары 1 сағатқа сөндіріліп, 137 кВт электр энергиясы үнемделген. Жалпы барлығы қанша электр энергиясының үнемделгендігі туралы қорытынды алдағы күндері белгілі болады», - дейді Есенқос Әділбаев.
Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Төкеновтың айтуынша, осымен 14-ші рет ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік акцияны Маңғыстау өңірінде жұмыс жасап жатқан 16 ірі және орта бизнес субъектілері қолдаған.
«Бірқатар ғимараттар жарықты уақытша сөндіруге келісім беріп, аталмыш акцияға қолдау білдірді. Атап айтқанда «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТеңізКөлікФлоты» ЖШС және т.б. Бұл өте маңызды шара. Энергияны үнемдеу арқылы қоршаған ортаны жақсарту баршамызға ортақ міндет екендігін әрбір тұрғын сезінуі тиіс. Акцияны өткізу жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тапқанын айта кеткен дұрыс. Наурыз айының соңғы сенбісінде жарықты өшіру жөніндегі ұсыныс жерде қалмады және бұл шара дәстүрлі түрде жылда өткізіліп отырады», - дейді Руслан Төкенов.
Ғаламшар табиғаты мен ресурстарына ұқыпты және жауапты қарауға назар аударатын дүниежүзілік экологиялық акцияның қолдағандардың бірі – Ақтау қаласының тұрғыны Қайыржан Амантұрлиев. Ол бірнеше жыл қатарынан «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясына қатысып келеді және әдеттегідей акцияның өтетіндігі туралы хабарды естіген бойда, сенбі күні кешкі мезгілде 20:30 – 21:30 аралығында тура бір сағатқа үйіндегі жарық пен электр жабдықтарын сөндірген.
Оның айтуынша, әрбір тұрғын қоршаған ортаны қорғау және энергияны үнемдеу мәселесіне көбірек көңіл аударуы тиіс. Жалпы электр қуатын ажыратып тұрған артық етпейді. Осылайша жер ресурсы мен табиғатқа ұқыпты қарау ортақ міндет екендігін естен шығармауға шақырады.
«Мұндай шараларға баршамыз бір кісідей атсалысуымыз қажет деп санаймын. Себебі бұл әрбір азаматқа қатысты мәселе. Осылайша энергияны үнемдеуге және қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған шараға белсенді қатысып, азда болса өз үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Жыл сайын тек «Жер сағаты» акциясын күтпей, басқа күндері де энергияны үнемдеуіміз керек деп санаймын. Үйдегі шамдар босқа жанып тұрмаса деген тілегім бар», – дейді ол.