Бұл туралы Маңғыстау облысы экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір аумақтарда шаң көтеріліп, белгісіз ақ ұнтақ адамдардың киімдеріне және көліктеріне жабысып, біраз әуреге түскен тұрғындар туралы жазған болатын.
Маңғыстау облысы экология департаментінің мемлекеттік бақылау инспекциясының инспекторлары және талдау бақылау зертханасының мамандарымен бірлесіп, Ақтау қаласындағы үш нүктеден сынама алған болатын. Атап айтқанда 1 ш/а "Шағала" қонақ үйінің жаны, 22 ш/а "Шағын Оймашы" және 33 ш/а "Арена" спорт кешенінің жанынан зиянды заттарға, яғни шаң, күйеге сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді. Нәтижесінде, атмосфералық ауа сынамалары ластаушы заттар шекті рұқсат концентрациясынан аспайтынын көрсетті.
Эколог мамандар аталған жайттың тұрғындарға ешқандай зияны жоқ екенін айтты.
«Бұл қалыпты табиғи құбылыс. Ол адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді. Бұл шаң адамдардың киімдерін сәл ғана бүлдіруі мүмкін. Оның үстіне, бұған дейін Қазгидромет мекемесі биыл 25 наурызда Маңғыстау облысы 10-15 метр секундына дейінгі шаңды дауылдар пайда болу қатері бар екендігі жөнінде хабарлаған болатын", дейді экология департаментінің өкілдері.