24 қыркүйек күні Ақтауда «Абай» мәдени-демалыс кешенінде қала күніне орай мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының тұрғындарын айтулы күнмен құттықтап, ақмаржан қаланың бой көтеруіне, дамуына еселі үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдірді.
- Құрылғанына 58 жыл толған Ақтау қаласы - еліміздегі ең жас облыс орталығы. Осы жылдар ішінде Ақтау саяси, мәдени маңызы бар шаһарлардың біріне айналды. Мұнда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының қатысуымен түрлі халықаралық кездесулер және жоғары деңгейдегі басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтті. Елбасы стратегиялық бағдарламалық құжаттарда Маңғыстау облысынның, оның ішінде Ақтау қаласының ерекше рөлін бірнеше рет атап өткен болатын. Соның арқасында облыс орталығы тәуелсіздік жылдары көркейіп, ерекше келбетке ие болды. Көп жұмыс атқарылды. Күні кеше Мемлекет басшысының облысқа жасаған сапары да өңірге оң серпін береді деп сенеміз. Президент облысты дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды. Бұл жоспарда Ақтаудағы ауыз сумен қамтуды жақсарту, тоқ, жылу жүйелерін дамыту, көгалдандыру сынды бірқатар мәселелер қамтылды. Ақтау біздің ортақ үйіміз болғандықтан бұл мәселелерді шешуге тұрғындар да атсалысатын болады, деді Нұрлан Ноғаев.
Алдағы уақытта облыс әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын арттыру мақсатында жаңа механизм іске қосылмақ. Нәтижесінде Маңғыстау облысының тұрғындары көкейдегі сұрақтарына жедел жауап алып, аймақты дамыту бойынша ұсыныстарын қалдыра алады.
Айта кетейік, ән кеші барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, ұйымдастырылды.