Парламент Сенатының жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы су қоймасының экологиясы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселесін өзекті етеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың шарттық базасын кеңейту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға бірқатар хаттамаларға қол қойды. Солардың бірі - 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде Каспий маңы мемлекеттері: Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы Түркменстан және Қазақстан Республикасы қол қойған трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы хаттама. Хаттамамен реттеуге жататын қызмет түрлері анықталды. Мысалы: мұнай өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен басқа да жану қондырғылары, атом электр станциялары мен басқа да атом реакторлары, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және басқада қызмет түрлері», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Оның айтуынша, конвенция ережелерін іске асыру үшін 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері бекітілген.
«Қазақстанның трансшекаралық әсерлердің пайда болу тарабы ретінде қатысуы, қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі ел ішінде де, қатысты Тараптар арасында да қатар жүргізіледі. Мысалы, Каспийде жаңа объектілер салынған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына және мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қатысты Тараптарға қатар жіберіледі. Қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер бойынша түпкілікті шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарды тарта отырып қабылдайды», - деді министр.
Өз кезегінде Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Әбдәлі Нұралиев Хаттаманың ережелері трансшекаралық тұрғыда Қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты халықаралық құқыққа сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келген міндеттемелеріне нұқсан келтірмейтінін айтты. Трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу ҚР жаңа Экологиялық кодексінің 80-84 баптарында қарастырылған.