Маңғыстау облысының екі боксшысы Шымкентте өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
8 маусымда Шымкент қаласында “IRFIN Promotions” компаниясы алғашқы кәсіпқой бокс кешін өткізуді көздеп отыр. Аталған сында маңғыстаулық 2 боксшысы өнер көрсетпек.
Боксшылардың менеджері Жанпейіс Назарғалидің айтуынша, аталған кештің басты жекпе-жегінің бірі ретінде Самат Жетібаев (6-0-0, 4КО) сынға түседі. Жерлесіміз 54 келіде Филиппин елінің өкілі, 25 жастағы Адриан Лерасан (13-6-0, 6КО) шеберлік байқасады. Азия боксшысы Лерасан өте тәжірибелі спортшы. Ол 2022 жылы WBC Asia белбеуін иеленіп, әлемнің топ-70 боксшысы қатарына енген.
Ал 57 келіде 4 раундтық жекпе-жекке шығатын Жолдас Жеңісов (6-0-0, 2КО) қарсыласы өзбекстандық Шохбозбек Толибжонов (2-0-0, 1КО) болмақ. Өзбекстан боксшысы өз елінің чемпионатындақола жүлдегері атанған. Қазіргі таңда жеңілмеген спортшы саналады. Сондай-ақ, ол Оңтүстік Корея елінде өнер көрсетіп жүр.