Нашақорлықты Дүниежүзілік қауымдастық қазіргі заманның ең маңызды мәселесі деп санайды. Ал нашақорлық пен АИТВ жұқпасының өзара байланысы қандай? Бұл туралы облыстық ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталығы сенім пунктінің эпидемиолог дәрігері Динара Нұрғалина әңгімеледі.
-Қазіргі уақытта бұл жағдай, өкінішке орай, айтарлықтай нашарлады,-дейді ол.-Сондықтан нашақорлықпен күрес әдістері міндетті түрде нашақорлықтың алдын алу, әсіресе, есірткі заттарын қолданудың салдары туралы ақпаратты кеңінен таратуды қамтуы керек. Психоактивті препараттарды эпизодтық қолдану кезінде, тіпті есірткіге тәуелді болмаса да, көбіне жастар ең осал топ болып қалады. Мас күйінде олар өз әрекеттерін басқара алмайды. Есірткіге деген құштарлық қоғамды қылмысқа айналдырады. Ал есірткіні инъекциялау кезінде ортақ шприцтер мен инелерді пайдалану АИТВ инфекциясы мен гепатиттің таралуына әкеліп соқтырады. Бірақ нашақорлардың өздері, өкінішке орай, медициналық көмекке сирек жүгінеді. Нашақорлықты әлеуметтік-педагогикалық мәселе деп атауға болады, өйткені ол көбінесе жастарды қамтиды. Есірткіге тәуелді адамның орташа жас мөлшері жыл өткен сайын төмендеп келеді. Есірткіге тәуелді жастар санының өсуі әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың жаңа түрлерін іздеуді талап етеді. Адам психоактивті заттармен неғұрлым ертерек шұғылданса, соғұрлым оның есірткіге тәуелділігі тез дамитыны анықталды. Қазір жастардың үлкен тобы шұғыл профилактикалық көмекке мұқтаж. Сондықтан қазіргі уақытта нашақорлыққа шалдыққан адамдардың арасында АИТВ инфекциясы таралмауын қадағалау–басты мәселе болып тұр. ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталықтың мамандары жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Орталықта АИТВ инфекциясына қатысты сұрақтар бойынша кеңес беру, дәрістер, семинар сабақтары, тренингтер, акциялар, кездесулер, әңгімелер, флэшмобтар тұрақты өтеді.