Бейнеу ауданының 50 жылдығына орай бастау алған алған 50 іс-шара жобасы аясында аудандық веломарафон өтті. Іс-шара бұқаралық спортты дамытып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды manngystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«QazaqOil» жанармай бекетінен басталған веломарафон Тәуелсіздік алаңына дейін жалғасты. 5,4 шақырымды жүріп өткен жарысқа 20-ға жуық тұрғын қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Теміров құттықтау сөз сөйлеп, мәре сызығына алғаш келгендерді марапаттады. Жеңімпаздарға дәрежелі дипломдар, медальдар мен сыйлықтар табысталды.
Ауданның Құрметті азаматы, Бейнеу-Шалқар-Торғай-Астана бағытында велосаяхатқа шыққан және “Ұлы дала жорығы” республикалық марафонына қатысушы велошабандоз Рәббім Борашов аталған веломарафонға екі немересімен бірге қатысып, жастарға үлгі көрсетті.