Әдебиеттанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Есенов университетінің профессоры Қабылов Әділет Дыбысұлы – адами қасиеттерімен, шығармашылық ізденістерімен, ғылыми ойлау жүйесімен дараланып тұратын тұлға.
Ұстаздық – ұлағатты жол. Әрине, ойлап отырсам, ұстаздық, үйретушілік, тәрбиешілдік қабілет жалпы адамға тән. Әр адам өз балаларынан бастап, ең алдымен білмегенді білуге, ойлау мен ойлануға, өмір құбылыстарын тануға, ой пайымдауға баулиды. Бір сөзбен айтқанда, жақсылыққа үйретеді, ілгері жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда, ұстаз ұғымының ауқымы аса кең сезіледі. Бірақ кәсіби түрде ұстаздық жолын таңдап, оны ғылыммен бірге дамытқан тұлғалардың тұғыры тіпті биік болатыны белгілі.
Біз сонау Форттағы Е.Өмірбаев атындағы мектепте Әділет ағайдың білімімен сусындадық, тәлім-тәрбиесін алдық. Тынымсыз ізденісі мен терең білімі ұстазымыздың көркем әдеби шығармаларды талдауларынан-ақ сезіліп тұратын. Ағайдың мектепте талантты балалардың басын қосып, жүргізетін бірлестігінің мүшесі ретінде «Самғау» газетінде жиі жарияланатын материалдардың авторы болдық. Ұлағатты ұстаздың артық-кемі жоқ жарасымды пішілген келісті сырт тұлғасы, өзін ұстауы, сөйлеу-сөйлесу мәдениеті, көпсөзділіктен ада дәл әрі дәлелді, нақ та нық ой-пайымдары, жайсаң жаны айналасына әдептіліктің шуағын таратып тұрады. Әділет ағай әуел бастан, шыр етіп жерге түскенде-ақ ұстаз болып туған тәрізді көрінеді. Өйткені, ол кісі үлкенмен де, кішімен де тіл табыса кететін, бетегеден биік, жусаннан аласа мінезі бар, тамаша қасиеттердің иесі.
Әділет ағай табиғи талантының арқасында халықтың рухани игілігіне қызмет етіп жүр. Ғұмырын ұстаздыққа, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын саласын өркендетуге арнап келеді. «Оспанхан Әубәкіровтің сатирасы», «Кәусар. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы күлкі құбылыстары», «Мұхтар Мағауин прозасындағы иронияның стильдік қызметі», т.б. ғылыми-зерттеу еңбектерінің қай-қайсы да – әдебиет теориясы мен тарихының өзекті мәселелерін көтеруге зор үлес қосқан туындылар.
Ә.Қабыловтың әдебиеттану ғылымындағы бағдары тым ауқымды. Атап айтсақ, қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиет теориясы, қазақ прозасы мен тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі, сатира мен ирония поэтикасы. Әбіштану саласына ерекше еңбек сіңіріп келеді. Былтырдан бастап ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын АР19678872 «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» атты ғылыми жобасын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жобаның жетекшісі ретінде ғалымдар тобын басқарып, жаңа ізденістерге жол ашты.
Маңғыстау облысындағы жалғыз жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қалыптасу жолы мен даму тарихын, бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап, деректі-публицистикалық «Киелі мекен, құтты орда» (Алматы, 2011), «Өткенге құрметпен, келешекке нық сеніммен» (Алматы, 2021) атты кітаптар жазды. Қаламы жүйрік журналистігі мен әсем әндердің мәтінін жазған ақындық қыры – бөлек әңгіме...
Әділет Дыбысұлының бойындағы сырбаз да сабырлы мінез, биік парасат пен мәдениет, айналасына білім мен өнеге нәрін сіңіре жүретін шуағы мол мейірімді жүрек, ғылымның қия төскейі мен қатпарлы қабаттарын қайыспай, қажымай қақ жаратын қайсар қуат, жылдар өзені жылжыған сайын арнасын молайта түскен азаматтығы ғылымдағы, қоғамдағы, әріптестер арасында абыройын асқақтатып, тұлғасын биіктете түсті. Елдің қошемет-құрметіне бөленіп жүрген ұстаз, ғалым, қайраткер ретінде ағайымыз мемлекеттік марапаттарға әбден лайық. Оның кемеліне келген кезінде берері де мол екенін білеміз. Осы орайда «Әділет Қабыловтың әдебиеттанудағы қолтаңбасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, жаңа кітабының таныстырылымын өткізіп, жалпы шығармашылығын насихаттауды жоспарлап отырмыз. Зиялы қауым өкілдері мен ойлы оқырманды осы басқосуға белсенді қатысуға шақырамыз.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.