Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес елді-мекендерде «Біз – таза ауыл үшін» экологиялық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Айбек Қосуақовтың бастамасымен және белсенді азаматтардың қолдауымен ұйымдастырылған сенбілікке Рахат, Кендірлі, Қызылсай, Теңге ауылдарынан арнайы аумақтар белгіленді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардың да ғимараттарының аумағы тазаланды.
Іс-шараға ауыл азаматтары, еріктілер, жеке кәсіпкерлер, бюджеттік және коммуналдық мекеме ұйымдары, «САК», «Шаңырақ», «Заңғар» базарынан 2000-нан аса қызметкер қатысты.
Жалпы, 29 техника жұмылдырылды. Қажетті техникаларды бөлуде жергілікті өндірістік мекемелер «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның «БЖБ» мекемесі, «Кезби» ЖШС, «Өркен» ЖШС, «Кен құрылыс сервис» ЖШС , «МұнайФилдСервис» ЖШС, «ӨзенИнвест» МКК, «Ермек», «Агисов» жеке кәсіпкерлер белсенділік танытты.
Сенбілікте ауылішілік көшелер мен шеткі аумақтан жиналған 940 тонна қоқыс шығарылды. Қоқыстардың басым көпшілігі тұрмыстық қалдықтар, пластик және шыны бөтелкелер.