Каспий теңізі мен жағалау аумағының минералды ресурстарын жедел және ауқымды игеру табиғи ортаның, әсіресе, оның шығыс бөлігіндегі нәзік тепе-теңдіктің бұзылуына сөзсіз қауіп төндіреді. Табиғатты пайдалану ережелерін әзірлеу, ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу жолдарын іздеу сонымен қатар аймақтың палеоэкономикасы мен палеоэкологиясын зерттеуді қамтиды. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, табиғи тепе-теңдікті бұзбай мекендеу орындарының экономикалық әлеуетін пайдалану мүмкіндігі Маңғыстау өлкесінің ежелгі тұрғындарына да тән болды. Мұның бір дәлелі – ежелгі стационарлық аңшылық құрылымдар. Маңғыстау өңірінің аумағында осы ежелгі аңшылық құрылыстардың қирандылары кең таралған. Олар бірегей және бүкіл Еуразияда теңдесі жоқ болса да, осы уақытқа дейін республикалық ғылымда өте аз зерттелген. Белгілі ғалым В.Н. Ягодиннің бір ғана мұқият зерттеуі бар, бірақ ол негізінен Өзбекстан аумағындағы нысандарға арналған. Алдын ала зерттеу олардың көшпелі халықтың шөлді өмір үшін күрестегі сөзсіз технологиялық жетістігі екенін көрсетеді. Біздің жұмысымыз олардың шығу тегі, қоршаған ортаға әсері және рөлі мен қазіргі туристік индустриядағы орны туралы жан-жақты зерттеуге әрекетіміз.
Үстірт пен Маңғыстау түбегінде стационарлық аңшылық құрылыстардың үш түрі кездеседі: 1) арандар (ғылыми атауы аран – жебе тәрізді орналасу), 2) байлама, 3) бөтеке. Бұл атау көне түркі тіліндегі аран сөзінен шыққан, ол қолтық, дегенді білдіреді. Шынында, арандардың жасалу құрылысы адамның екі қолтығына ұқсайды. Маңғыстауда киікқора атауы көбірек таралған, яғни ақбөкендерге арналған қора. Арандар орналасқан жері бойынша екі түрге бөлінеді: 1) жазықтықта және 2) шың жиегінде. Жазықтықта орналасқан арандар көптеген шұңқырлармен ерекшеленеді (Маңғыстауда оны қазандық немесе құдық, қазаншұңқыр дейді). Жасырын аңшылар үшін немесе үшкір заттар үшін және негізінен ірі мал табындарын аулау үшін қолданылған. Бұл типтегі арандар жебе ұшын солтүстік бағытқа туралап, ақбөкендердің маусымдық көші-қон жолдарында, яғни күз мезгіліне қарай бір топ жануар қысқы жайылымдарға оралған кезде салынған. Ал шың жиегіндегі арандар негізінен су көздерінің – бұлақтардың, құдықтардың жанында салынған және аз шұңқырлармен ерекшеленеді. Сонымен қатар арқарды аулауға арналған арнайы жабдықталған шұңқырлар терең және кеңейтілген.
Yessenov University президенті Berik Akhmetov қолдауымен, ішкі гранттық қаржыландыру мақсатындағы «Small Grants Projects» жобасы аясында өзіндік бірегейлігімен ерекшеленген бүкіл Еуразияда теңдесі жоқ арандарды зерттеу мүмкіндігі туды. Былтыр күзде осы мақала авторлары болып, «Маңғыстау мен Үстірт аймағындағы рельеф таңбалардың тарихи мәнін зерттеу» тақырыбымен ғылыми экспедиция ұйымдастырып, дала іссапарына шықтық. Мың бояулы Маңғыстау табиғатының сұлулығын айтуға сөз жетпейді. Зерттеу жұмысымыз аптаға жуықтаса да, әсем табиғаттың көркем бейнесіне тамсана жүріп, шаршағанымызды білмедік. Сапарымыз Үстірт үстінде өтті. Айнала аңызақ, қара жел орап алып бара жатса да, Үстірт үстіндегі жебе тәріздес арандарды зерттеу ісі өте әсерлі болды. Ежелгі Маңғыстау маңын мекендеген халықтардың осы үлгіде аң аулау кәсібімен айналысқаны сол жерден табылған қыш ыдыс қалдықтарынан-ақ байқалады. Ерекше құрылымды құрылыстар, яғни арандар жебе үлгісінде келеді екен. Үстірт жазығында олардың бірнеше данасы кездеседі. Әрбір аранның орналасқан жеріне ғылыми сипаттамалар жазылып, олардың пішініне және географиялық орналасуына байланысты атаулар бердік. Осы берілген атаумен ғылыми айналымға енгізіп, мемлекет қорғауына алғызуды көздейміз.
Арандармен аңдарды жергілікті тұрғындардың қалай аулағаны жөнінде 1825-26 жылдары Үстірт үстін зерттеген орыс ғалымы Эдуард Эверсманның жазбасында кезедеседі: «Үстірт қазақтары ұзындығы 300-400 қадам, биіктігі 3-4 фут болатын тас қабырғалар жасайды. Түпкі жағында іші таспен өрілген терең шұңқыр қазылады. Аңшы қазақ сол маңайдан 10-15 верст ұзап шығып ұрғашы киіктің дауысын айнытпай салады. Дауысты естіген киіктер аранның ішіне өтеді. Кейіннен көрінбей қазылған терең апанның қасына барып тағы маңырайды. Бұрыннан жасырынып отырған екінші аңшы тас қоршаудың ашық жеріне тұра қалып қатты айқайлап аңды үркітеді. Олар терең апанға құлайды», – деп өзінің көріп бақылағандарын жазады.
Ғылымға «жебе тәріздес» құрылымдар деген атпен енген арандарды нақты зерттеу өткен ғасырдың 50-жылдары басталды. Атақты ғалым, Кеңес дәуірінің тарихшысы, Орта Азия халықтарының этнографиясын кеңінен зерттеген Сергей Павлович Толстов бұл құрылымдар туралы былай дейді: «Үстірт шыңдарының шатқалдарында өте қызық құрылыстар кездесті. Олардың әр жаққа созылып жатқан, тастары тіктеліп тұрғызылған ұзын орлары және қазылған дөңгелек ойлары бар. Анықтағанымыздай олар орта ғасырға жататын ескерткіш деп болжамдауға болады. Мұндай белгісіз ескерткіштер тек Үстірт шыңдарында ғана кездеседі. Шамасы, бұлар аң аулауға арналған болуы керек», – деп жазады. Маңғыстау жеріндегі арандарды көп зерттеген ғалымдардың бірі – Вадим Николаевич Ягодин. Ол өзінің еңбегінде: «Үстірт жеріндегі арандарды салу және оны пайдалануды жергілікті адайлар мен табындар және көршілес жатқан қарақалпақтар да қолданған», – деп көрсетеді. Арандар тек қана Үстірт шыңдарында кездеспейді, сонымен қатар Маңғыстаудың қара ойында да баршылық. Қарақия шыңдарында, Құрық елді мекені маңайында. Кезінде аңшылар аранның тарылып келер бұрышындағы шұңқырға жебедей өткір ұшталған сояу, ши, қамыс, сексеуілді шаншитын болған. Аң аулауға 30-40 атты адам қатысады. Арандар арқылы тек күз айларында ғана аң ауланатын. Оның сыры жаз бойы Арқа бетіне, Еділ, Жайық өзендері мен Орал тауларына дейін шығандап кететін киік, құлан сияқты аңдар күзге қарай әбден қомданып, кейін қайтатын. Аң аулауға арналған ұқсас құрылымдар Сирияның, Иорданияның, Шығыс Палестинаның, Аравияның шөл даласында да кездеседі.
Зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ұйымдастырған «Тарих толқынындағы Маңғыстау» халықаралық конференцияға қатысып, баяндама оқыдық. Түркияның Измир қаласындағы Эге университеті ұйымдастырған «Түрік әлемі» симпозиумында баяндама оқығанымызда, жан-жақтан келген ғалымдардың өлкеміздің сакралды мекендеріне тағы қызығушылығы бұрынғыдан да арта түсті. Осы зерттеуіміз туралы ғылыми мағлұматтарды толығырақ Yessenov Science Journal және Milli Kültür Araştırmaları Dergisi ғылыми журналына жарияланған мақаламыздан оқуға болады.
Біз арандарды «аң аулау үшін үйілген тастар» деп әлеуметтік маңызымен ғана біржақты танытып қоймай, бірегей архитектуралық өнер туындысы деп қарауымыз керек. Сонда ғана мемлекеттің қорғауына алуға мүмкіндік артады. Өйткені темір жол мен автомобиль жолдарын саларда жобалаушылар алдын ала зерттемей әлде біле тұра арандардың үстінен басып өтіп төсеп жіберген. Бұл – вандализм десек те, ауыр айтқанымыз болмас.
Сондай-ақ Маңғыстау аймағындағы тарихи таңбаларды өлке брендіне айналдыруымыз керек. Осы орайда біз Маңғыстау облысының және Yessenov University ресми логотиптерін мысал қыла аламыз. Өнерде өткен шақ деген болмайды. Біздің шебер ата-бабаларымыздың қолынан шыққан туындылар өткенге де, бүгінге де, болашаққа да бірдей құнды. Тарихымызды танытып, эстетикалық талғамымызды арттырады.
Қазіргідей цифрлық дәуірде графикалық реставрацияға бірінші кезекте көңіл бөлуіміз керек. Өйткені реставрациядан кейін кейбір ескерткіштердің бұрынғы түпнұсқа бейнесін бүлдіріп алып жүргеніміз жасырын емес. Осы мақсатта университет көлемінде қолға алған жобамыздың ауқымын ұлғайтуға ынталымыз. Оның қазіргі шығыны болашақта туризмнен түсетін табыстың есебінен ақталады деп сендіреміз.
Қорыта келе айтарымыз, бұл құрылыстардың аймақтың ежелгі экономикасы мен мәдениетінің ескерткіштері ретіндегі ғылыми және танымдық құндылығы аса жоғары. Біріншіден, олар бірегей, теңдесі жоқ туындылар. Орманды жерлерде, сондай-ақ жер шарының шөлдерінде тұрғындар жабайы жануарларды аулау үшін әртүрлі құрылғыларды қолданды, бірақ Маңғыстау құрылыстары олардан құрылымы жағынан айрықша. Екіншіден, олар жергілікті тұрғындардың көрегендігінің және жауапкершілігінің куәсі. Аң аулау сияқты адамзат қоғамының тіршілігін қамтамасыз етудің бұл түрі қасиетті деңгейге көтерілді. Үшіншіден, олар туған өлкенің фаунасы мен флорасына ұқыпты қараудың мысалдары ретінде қызмет етеді. Маңғыстау тұрғындары соңғы уақытқа дейін жануарлар дүниесінің бірде-бір түрінің жойылуына жол берген жоқ. Бұл құрылымдар жергілікті көрікті жерлерді толықтыратын туристік индустрияның толыққанды объектілері болады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін олардың бастапқы көрінісін қайта қалпына келтіру керек. Ата-бабамыздан қалған, бүгінгі күнге дейін өзіндік ерекшелігімен сақталып келген тарихи мәдени мұраларымызды келер ұрпаққа насихаттап, ұлтымыздың көне жәдігері ретінде, өлкенің символдық брендіне айналдыру – басты мақсатымыз.
Нұрлан ҚҰЛБАЕВ, тарихшы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері. Yessenov University «Өлкетану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі.
Алқажан ЕДІЛХАН, өлкетанушы, «Парасат» орденінің, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерінің иегері.
Гүлмира ЕШМАНОВА, өнертанушы. Түркиядағы Нийде Өмер Халисдемир университетінің PhD докторанты. Yessenov University Әлеуметтік қолдау көрсету және жастарды дамыту басқармасының басшысы.