Араға қанқасап сан ғасырлар мен дүрбелең дәуірлерді салып, қазақтың арман-мұратына айналған қасиетті де қастерлі Тәуелсіздіктің таңы атқанына міне биыл отыз екі жыл. Жаратқаннан халқымыз – жер үсті күн астындағы көп қазақтың ұлтарақтай жерін қосқанда шығатын жер бөлігін біздің өз еншімізге берсе, сол жер бөлігінде түбі бір қазақ жиылып бір ту астына біріксе екен деп аңсаған. Топырағына тәу етіп, тұмар еткеннің тілегі қабыл болар кие дарытса екен деп тілеген. Сол арман-мұрат, аңсап-тілеген күн келіп, өз дара мемлекетіміз, өз шекарамыз айқындалып, Тәуелсіз Қазақстан атанғанымызға – отыз екі жыл!
Мен ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Ақтау қаласы 6656 әскери бөлімі командирінің (тәрбие және әлеуметтік - құқықтар жөніндегі) орынбасары майор Мауғазин Асқар Серікұлы барша қазақ елінің еркіндікке құштар азат халқын Қазақ әскерилері мен Ұлттық ұланы, 6656 әскери бөлімінің жеке құрамының атынан 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біздер – әскерилер, бұл мерекені жауынгерлік көңіл-күй, жауынгерлік рухпен ерекше қарсы аламыз. Бұл күні ту көтеріп, салтанатты шерумен сап түзейміз. Қару мен зеңбіректен оқ атып, еркін елдің еңселі үнін есіттіреміз. Бұл әскерилердің тәуелсіздікке жасар тағзымы. Неге десеңіз, әр атылған оқтың өз мәнісі болады. Біріншіден – тәуелсіздік жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым болса; екіншіден – тәуелсіз елімізге, еркіндігімізге біреу қатер төндірер болса оны тек оқпен қарсы алатынымызды ескертсе; үшіншіден – тәуелсіз елдің келешек ұрпағының амандығы мен аспанының ашық болуына деген тілектестік.
Жауынгердің басты парызы – Отан қорғау! Тәуелсіздік мерекесі ең алдымен әскери адамның мерекесі. Себебі, тәуелсіздік тұғырын биік ұстау, құлатпау міндеті – Отан қорғаушыға, сарбазға берілген. Тәуелсіздік алған осы отыз екі жыл ішінде еліміздің туын құлатпай, аман-есен, бейбіт өмір сүруі қазақ әскерінің ерлігі, ерен еңбегі. Ел шекарасын, аспаны мен жерін, суын қорғаған сарбаздардың батылдығы. Еңсесін енді ғана тіктеп келе жатқан елімізге тіреу болған да, демеу болған да, қорған болған да қазақ әскері. Әйтпесе, осы уақытқа дейін елімізге көз тіккендер аз болған ба еді?! Іштен, сырттан төнген қауіп пен қатерлер қаншама. Осының бәріне кеудесін оққа тосып, қалқан болып жүрген қазақ әскері.
Айтулы мерекеде біздің Ұлттық ұлан әскерінің орыны ерекше. Тәуелсіздікті қорғау жолында Ұлттық ұланның жас жауынгерлері, ел азаматтары дүниеден ерте озды. Ол сарбаздардың Отан алдындағы ерлігі мәңгіге ел жадында сақталып қалмақ. Ұлттық ұлан жауынгерлері ел тыныштығын бұзған, қауіп төндірген бұзақылармен, террористермен, қылмыскерлермен күнде бетпе-бет келіп жүр. Егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң, Президент Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері, бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Содан бері 32 жыл бойы ұландық әскери қызметшілер өздерінің елеулі еңбектерімен ұлттық қауіпсіздік жүйесінде өз орындарына сәйкес екенін дәлелдеуде. Осы жылдар ішінде құқықтық тәртіп әскері елмен бірге жасасып, дамып келеді. Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Ата заңда жазылған Отан алдындағы антқа адал. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Ұлттық ұлан өзіне жүктелген функциялармен қатар, уақыттың өзгеруімен жаңа міндеттерді де қосып алып, тез жасақталатын арнайы элиталы әскер екенін көрсетіп келеді. Жалпы тәуелсіздік жылдары ішінде офицерлер корпусы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар халықтың мүддесі үшін кез келген міндетті орындай алатынын дәлелдеді. Ұлттық ұлан әскери міндетті ғана емес Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіре отырып жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтардан қорғауға арналған. Қалыптасу, құрылу, даму кезеңінде біз ІІО-мен және елдің басқа да күштік құрылымдарымен бірлесіп, қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін әрдайым қамтамасыз етіп келеміз. Сондықтан болар, бүгінде Қазақстан халқының Тәуелсіз ел Ұланына сенім де, ниеттестік те мол.
«Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады» – дейді дана халқымыз.
Халықтан кім асырып айтқан?! «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Бүгінгі ел қорғаны азаматтар ертеңгі ұрпақпен сабақтастықпен ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Ол үшін бірлік керек, тұрақтылық керек. Сол керектердің жолында қазақ әскері қорған бола қызмет етпек. Әр қазақстандық, әр жауынгер алдағы уақытта тәуелсіздіктің тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек. Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық. Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден жарық екендігіне кәміл сенемін. Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік. Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Маугазин Асқар Серікұлы
Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік – құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор