17 жыл бұрын канадалық азаматтар асырап алған Райн Жандос Ақтауға келіп, анасымен қауышты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Маңғыстау телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Канадалық ерлі-зайыптылар қазақ баласын 10 айлығында асырап алған. Жандос араға 17 салып анасымен қауышты.
Бұл қауышуға себеп болған — танымал журналист Жанар Байсеміздің «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы. Жанар Байсеміз бұған дейін шетел асқан талай қазақ баласының елге оралуына септігін тигізген.
«Біз кішкентай кезімізден Жандосқа оның асырап алғанымызды айттық. Туған анаңды көру, көрмеуді өзің шешесің деп айтып келдік. Ол Таронто қаласында өзінің қазақ достарымен жиі кездесіп, араласып тұратын. 17 жасқа толғанда достары оған туған анасын табуға кеңес берген. Біз оның бұл ниетін қолдап, Жанар Байсемізге хабарластық. Сол кісінің арқасында Жандостың анасын таптық», - дейді Шанс Мұхаммед.
17 жылдан кейін туған топыраққа табаны тиіп отырған Райн Жандосты қазақ жерінің байтақтығы таң қалдырған.
«9 күн мен үшін тым аз болды. Жайлауға барып, домбырамен таныстым. Ақтауда Каспий теңізі болса, Канадада Торонто жағалауы бар. Үндестік пен сәйкестікті қараңызшы. Жаратқан маған қайткен күнде де судың жағасында тұруды жазыпты. Бұл сапарымда сөзсіз ұмытпаймын. 3-4 жылдан соң елге қайта келуді жоспарлап қойдым», - дейді Райн Жандос.
Телеарна тілшісің айтуынша, Жандос әлі Ақтауда 3 күндей болады. Анасымен, бауырларымен бірге болып, өлкенің тамаша табиғаты мен кең ауасымен тыныстап кетпек. Ол 6 шілдеден соң Канадаға қайта жол жүреді.