18 ақпанда Түркияда кәсіпқой бокс жекпе-жегінде сынға түсетін маңғыстаулық боксшының менеджері жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Белгілі боксшы Саматәлі Төлтаев 2023 жылдың басында допинг бойынша үш жылға спорттан шеттетілген болатын. Алайда спортшы араға жыл салып, кәсіпқой боксқа ауысып отыр. Осы ретте жанкүйерлер тарапынан допинг бойынша спорттан аластатылған атлет қалайша кәсіпқой бокста бақ сынайды деген мәселені алға тартқа болатын.
Бұған қатысты Төлтаевтың менеджері Жанпейіс Назарғали неліктен бұл қадамға барғанын және қазіргі уақытта допинг бойынша кәсіпқой боксшының таза екенін мәлімдеді.
«Саматәлі Төлтаевтың жақында кәсіпқой бокста өнер көрсететіні жайында айта кеткім келеді. Өздеріңізге белгілі, Саматәлі былтыр сынамасынан допинг табылып, 2023 жылғы қаңтар айынан бастап үш жылға әуесқой спорттан шеттетілген болатын. Міне, бір жыл уақыт өткен соң кәсіпқой боксқа өтіп жатқан жайы бар. Кәсіпқой боксқа өту үшін допинг табылған кезден бастап кем дегенде 6 ай уақыт өткен соң тағы да анализ тапсыруы тиіс болатын. С.Төлтаев қараша айында допингке анализ тапсырып, сынамасы таза боп шықты. Содан бастап жаттығуға қайта кірістік. Бұйырса 18 ақпан күні Түркияның Ыстамбұл қаласында жергілікті боксшыға қарсы дебюттік кездесу өткіземіз», - деді Ж.Назарғали.
Сондай-ақ, ол жылға жуық уақыттан кейін Саматәлі Төлтаевтың қан сынамасы таза болғанын атады.
«Саматәлі кәсіпқой боксқа өту үшін барлық ережелерді сақтағанын баса айтқым келеді. Бір жыл күтті, сынамасы таза шықты. Енді еш кедергі болмауы тиіс. Бокс тарихында сынамасынан допинг табылып, спорттан шеттетілген бірнеше танымал боксшылардың алты ай өткен соң кәсіпқой бокста өнер көрсеткендігі туралы мысал жеткілікті. Мысал ретінде Миша Алоян, Бектемір Меликузиев секілді спортшыларды атап өтсем жеткілікті болар», - деді менеджер.