Әуе қызметтерін пайдаланатындардың барлығы дерлік рейстердің кешігуіне тап болғаны анық. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кейде ауа-райының қолайсыз болса, енді бірде әуе компаниясының ішкі мәселелеріне қатысты белгіленген уақытта сапарға аттанбауыңыз ғажап емес. Мұндай жағдайда жолаушылардың қандай құқықтары бар екені жайында Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылса, кешіктірілсе немесе әуе кемесінің кешігіп келуіне байланысты рейс кешіктірілген, тоқтатылған жағдайда тасымалдаушы келесі қызметтерді ұйымдастыруға міндетті:
1) жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесін беру (болған жағдайда);
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан астам күту кезінде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауы, оның ішінде халықаралық байланыс желілері бойынша сөйлесу немесе екі электрондық хабарлама;
3) рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етуге міндетті;
4) рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде ыстық тамақ берілуі тиіс;
күндізгі уақытта – әр алты сағат сайын;
түнде – әр сегіз сағат сайын;
5) рейсті күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат күткен кезде жолушыларға тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұруға және тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту қызметтері көрсетілуі қажет.
- Тасымалдаушының кінәсінен бес сағаттан астам мерзiмге рейс кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша әуекомпания жоғарыда аталған қызметтердің барлығын көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті. Болмаса тасымалдаушы жолаушыға билеттің толық құнын қайтарады. Рейс кешіктірілген жағдайда тасымалдаушы билетті сатып алу кезінде көрсетілген телефон және электрондық пошта арқылы жолаушыға кешігу себептері мен жаңа ұшу уақыты туралы хабарлайды,- деп мәлімдеді сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жоғарыда аталған қызмет жолаушыларға қосымша төлемсіз көрсетіледі.
Сондай-ақ егер тасымалдаушының кінәсінен жолаушыны тасымалдау кешіктірілсе, соңғысы жолаушыға шығынның орнын толтырудан басқа, кешіктірілген әрбір сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейтіні атап өтілген. Жолаушы өндіріп алған айыппұл сомасы сатып алынған билет құнынан аспауы керек.
Айыппұлды төлеуді тасымалдаушы жолаушының өтініші бойынша интернет-ресурс және тасымалдаушының билет сату пункттері арқылы жүзеге асыратынын айтты.
Маңғыстау тұрғындары құқықтары бұзылған жағдайда Ақтау қаласы, 9 шағын аудан, 23А ғимарат, 215 кабинет бойынша шағымдана алады.
Байланыс нөмірі: 43-14-34.