Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жаңа магниттік-резонанстық томография аппараты іске қосылды. Енді маңғыстаулық балалар осы ауруханаға жолдама арқылы келіп, тексерістен өте алады, деп хабарлайды деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоңдырғының іске қосылуы өңір медицинасының ілгері жылжуына мол мүмкіндік бермек.
- Бұл балалар ауруханасына орнатылған алғашқы МРТ. Бұның барлығы балалардың сапалы ем алуы үшін жасалып отыр. Балаларға көрсетілетін қызметтің өз ерекшелігі бар және 5 жасқа дейінгі балаларды қондырғыға түсірудің өз қиындығын ескеру керек. Өйткені бала қозғалмай жатуы тиіс. Сондықтан өңірдің кішкентай тұрғындары МРТ-ға түсу анестезиологиялық көмек арқылы жүргізіледі, деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Гүлжан Ермекбаева.
Жаңа үлгідегі “Eshelon Smart” аппараты 200 келіге дейін салмақты көтеруге қауқарлы. Диаметрі 60 сантиметрді құрайды. Бүгінде МРТ кабинетінде екі қызметкер жұмыс істейді. Олар Астанадан арнайы шақыртылған радиолог маман Нұрперзент Санатбекұлы және лаборант Динара Шамиева.
- Аппаратта арнайы өзінің бағдарламасы бар. Мұнда ағзаның барлық мүшесіне зерттеу жасауға болады. МРТ аппаратында диагностика 30-40 минут бойы жүргізіледі. Күніне 6-8 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта қажетілікке қарай қабылдау саны артуы мүмкін, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының радиолог-дәрігері Нұрперзент Санатбекұлы.