http://mangystaumedia.kzҚ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті дәстүрлі ән орындаушылармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында дәстүрлі өнер өкілдері «Жеті қайқы бес жүйрік» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстарымен бөлісті. Сонымен қатар қатысушылар дәстүрлі ән жанрын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Үлкен концерттер ұйымдастыру, музыка мектебін ашу, дәстүрлі ән жанрынан сабақ беретін ұстаздарға қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды.
– Бүгінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрін айқындайтын дәстүрлі ән өнері қайта жаңғыруда. Күй, термелер Отанға деген сүйіспеншілік, бейбітшілік, бірлік сияқты әрбір адамға қажетті құндылықтарға тәрбиелейді. Халық әнінің жанры жастар арасында да танымал. Маңғыстау ақын-жырауларының, күйші-сазгерлерінің шығармалары мен мақам-саздарын жинақтап, көптеген ескі әуендерді жаңғыртып келесіздер. Өлкеміздің мәдени мұрасын насихаттау мақсатында облыс атынан халықаралық фестивальдер мен мәдениет күндерінде сан рет өнер көрсеттіңіздер. Облыс көлеміндегі байқаулар мен концерттік бағдарламаларды ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалыстыңыздар. Бұл жанр халқымыздың бүкіл мәдени сұлулығын, тарихын жеткізеді, – деді Нұрлан Ноғаев.