Атамекен өңірлік кәсіпкерлер палатасында ұзақ мерзімге демалысқа шыққан жұмысшылар үшін жұмыс берушінің МӘМС жүйесі бойынша төлемдерді төлеу тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру жөнінде жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы Атамекен кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, Атамекен ӨКП директоры Рашит Мұстапаев, МО білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова, құқық қорғау органдарының өкілдері, жеке білім беретін оқу орындарының басшылары мен есепшілері қатысты.
Жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев ұзақ мерзімді демалысқа шыққан жұмысшыларға МӘМС жүйесі үшін төлем төлеу тәртібін түсіндірді.
Міндетті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің аударымдарын немесе жарналарын есептеуді және аударуды ай сайын жұмыс беруші жүргізеді.
Яғни, заңға сәйкес жұмыс берушілер жалақының– 3%, қызметкерлердің айлығынан – 2% МӘМС жүйесіне ай сайын төлем жасауы керек.
Егер демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтыса, төлемдерді МӘМС-ке әр айға бөлек-бөлек бөліп төлеу қажет.
- Мысалы, мұғалімнің еңбек демалысы 2024 жылғы 25 маусым мен 18 тамыз аралығында (56 күнтізбелік күн) кезеңге келеді. Бұл жағдайда МӘМС-ке төлемдерді аудару маусым айында (демалыс төлемдерін төлеу кезінде) маусым, шілде, тамызға бөлінген үш жол бойынша бір төлем тапсырмасымен жүзеге асырылуға тиіс. Әр ай үшін сома тиісті демалыс күндеріне сәйкес, маусымда 7 күнге, шілдеде 31 күнге және тамызда 18 күнге есептеледі, - деп түсіндірді ӘМСҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Қыдырбаев.