Маңғыстау облысында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды орындалып жатыр. 2021 жылдан бері аймақта 102 жас маман жұмысқа орналасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы екі жылда Маңғыстау облысының ауылдарына 100-ден астам жас маман барған. Оларды баспана және көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етуде.
Жуырда Түпқараған ауданына 50 адам барса, Қарақия ауданына тағы 36 маман, Жаңаөзен қаласына 4, Бейнеуге 6, Мұнайлыға 4 маман қоныстанды.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрдәулет Жақсыбекұлы мемлекеттік бағдарлама арқылы Мұнайлы ауданына келгеніне жеті жыл болды. Қазір Дәулет ауылындағы мектепте қызмет етеді.
— Ұстаздыққа дейін армрестлинг бойынша жаттықтырушы болдым, жарыстарға қатыстым. Кейін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен таныстым. Бұл мен сияқты жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында отбасымызбен баспана, жұмыс мәселесіне алаңдамадық. Көбі қалада тұрады, бірақ мен ауылда өзімді жайлы сезінемін. Мұнда спортты дамытып, балалармен де жұмыс істеймін. Жақында әке атандым. 2020 жылы Мұнайлы ауданының үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі атағын алдым. Оқу орындарын бітірген түлектерге ауылдан қорықпаңдар дегім келеді. Ауылда болашақ жоқ сияқты көрінгенімен мұнда жақсы мамандар өте қажет, – дейді Нұрдәулет Жақсыбекұлы.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі жоғары оқу орнын білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты мамандықтар бойынша бітірген студенттерге беріледі.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талап – ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу. Бағдарламада 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу, сондай-ақ 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейін 1500 АЕК-тен аспайтын қаржыға тұрғын үй сатып алу немесе салу (жұмыс орны бойынша) көзделген.