35 шағын ауданның «Сарайшық» ТҮК тұрғындары үйлердің салынып біткеніне 3 жылдан асса да, жол салынбағанын айтады. Әкімдіктің құрғақ уәдесінен шаршадық деген тұрғындар жолды өздері жөндеуге кірісіп кеткен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көршілерімен бірігіп қаражат жинағандар жол тегістейтін көлік жалдап, әбден бүлінген жолды тегістетті. Алайда азаматтар мұның да нәтижесі уақытша ғана деп отыр. Өйткені жаңбыр жауса тағы да жолдың бүлінетінін айтады.
- Біздің ТҮК атауы «Сарайшық», біз орта ғасырдағы Сарайшық сияқты болып тұрмыз. Осы маңдағы үйлер салынып болған соң жол саламыз деп уәде берген. Ал мұндағы үйлердің құрылысы біткеніне 3-4 жыл уақыт болды ғой енді. Әкімдікке барған сайын құрғақ уәдеге сендіріп жібереді, - дейді тұрғын Айымгүл Жанәділова.
- Осы жолда жүреміз деп көліктің дөңгелегі жарылды, жүру бөлшектері бұзылды. Оның бәрі ақша. Жол салатын мердігер компания конкурстан ұтты дейді әкімдік. Енді олардың ұтқанын біз нақты білмейміз. Ол компанияны біз көрмедік те. Осындай уақытта саламыз деп айтпады. Сол себепті біз оларға сеніп тұрғанымыз жоқ, - дейді тұрғын Сүндет Қуатұлы.
Жиналғандардың сөзінше шағын ауданға кіретін жолда жаңбыр жауған сайын көлік түгілі, адам жүре алмайды. Балаларды мектеп пен балабақшаға тасу да қиындық тудырып отыр дейді олар. Ал жел қатты соқса көз аштырмайтын ала шаңның ортасында қалатындарын айтады. Ақтаудың әкімдігі болса сабырлық танытып, жылдың соңына дейін күтуді сұрап отыр. Себебі бюджеттен қаражатты мақұлдау процесі тез арада бітпейтін жұмыс дейді.
- Мердігер мекеме Альянс ЛТД деген мекеме. Оның ішінде құбыр жүргізу және абаттандыру, яғни жол салу бойынша жұмыстар келісімшартқа сәйкес толығымен жүргізіледі. Қазіргі таңда 250 шаршы метр су құбыры салынған болатын. Сол жұмыстар толығымен аяқталғаннан кейін асфальт төсеу жұмыстары басталады. Ол жылдың аяғына дейін толуі тиіс, - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ануар Туляков.
Әкімдіктегілер құбыр жүргізуді аяқтамай жатып, асфальт төсей алмайтындарын айтады. Сол себепті әр жұмысты белгіленген жоспар бойынша жасап келеміз дейді. Ал осы жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтауға мердігермен 860 миллион теңгеге келісімшарт жасапты.
Махаббат Нұржанқызы