Маңғыстау облысының «JasArt» жастар театры «Той көйлек» қойылымын Жаңаөзен қаласында қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жанры өзгеше қойылымда актерлар көрерменнің ортасынан шығып, олармен тікелей сөйлесу арқылы қоғамның дертін көрсетті.
- Бүгінгі күннің дерті – ажырасу. Бұған отбасыдағы зорлық-зомбылық, жұмыссыздық, өзгемен көңіл жарастыру сияқты мәселелер себеп болады. Ауруды дер кезінде емдемесек, асқындырып аламыз. Ал біз оны өнер арқылы емдеуге, көптің назарын өзекті проблемаға аударуды жөн көрдік. Себебі өнер кез келген жанның жүрегіне жетіп, санасын жаңғыртады, – деді жастар театрының директоры Алия Исаева.
Оның айтуынша, проблеманың шешімі – ұлттық құндылықтарға негізделген отбасы институы. Сезімге толы жүрек пен биік сананың үйлесімі. Қойылым махаббатқа толы ыстық көңілмен аяқталады. Бақыт бағалаудан тұратынын тағы бір есті жанға естіртеді.
Кейіпкерлерді 14 пен 20 жас аралығындағы әуесқой өнерпаздар сомдады. Олар бір ай бойы дайындалып, кейіпкерлерінің тағдыры мен эмоциясын өн бойынан өткізуге тырысты.
Соның нәтижесінде туынды көпшіліктің көңілінен шығып, әртістердің қабілеті тәнті еткен. «Мұнайшы» мәдениет үйінде өткен сахналық қойылымды 200-ге жуық жаңаөзендік тамашалады.