Осыдан 5 жыл бұрын Ұлыстың ұлы күні—22 наурызда шаңырағын тіктеген жанұяның бірі - Талғат Әділ мен Айым Әділова. Жаңа жылда жарасым тапқан жас жұбайлар бүгінде екі бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бүгінде Талғат Әділ - «Хабар Агенттігінің» Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшілер қосынының жетекшісі қызметін атқарады. Телевизия саласындағы қызметі 2007 жылы басталды. Жан-жақты білімді, шығармашыл жан журналистік қызметпен қоса әр алуан іс- шараларды жүргізу тізгінін қоса алып жүр. Шығармашыл орта Талғаттың өмірінің ажырамас бөлігі. Ол сахна арқылы өмірлік жарымен жүздесіп, табысты. Болашаққа бірге беттеуге серттескен қос ғашық үйлену үшін Ұлыстың ұлы күні таңдады.
-Біз 2019 жылдың 22 наурызында шаңырақ көтердік. Содан бері шүкір, өмір жолын бірге кешіп келеміз. Алланың қалауымен Дидар және Дәулет есімді қос қанатымыз желкілдеп өсіп келеді. Өмірдің жаңа белесіне бірге қадам жасалық деген ниетпен Ұлыстың ұлы күнін, қазақтың жаңа жылын таңдадық.
Жыл сайын ұлық мейрамды өз шаңырағымызда ерекше атап өтеміз, - деді Талғат Әділ.
Жаңа жылда жанұя құрған бақытты жанның бірі - Беркімбай Гарабаев. Ол қазір «Маңғыстау Медиа» ЖШС қызмет атқарады. Жұбайы Бақытгүл Қаржаубаевамен Бейнеу ауданында теміржол саласында қызмет етіп жүріп танысқан. Отасқандарына 31 жыл толып отыр. Бүгінде 2 ұл мен 2 қызды тәрбиелеп, бірін үйлендіріп, енді бірін ұзатып, немере сүйіп отырған жанұя.
-1992 жылы әпкемнің өтінішімен Бейнеуден Нөкіс қаласына бардық. Сол уақытта наурыз мейрамы аталып өтіп жатты. Той-думан, мереке тұсында тағдырымыз тоғысты. Мінекей, содан бері отбасымыздың тамыры жайылып, бақытты да баянды өмір сүріп келеміз, - дейді Беркімбай Гарабаев.