Маңғыстау ауданының 95 жылдығына орай 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мереке қарсаңында Шайыр ауылында ашық футбол алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Табиғаты ерекше көз тартар ауылдағы саябақтың ортасында орналасқан ойын алаңы елдімекеннің ажарына көрік қосып отыр.
Айтулы шараға Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев, облыстық ұлттық спорт орталығының басшысы Қайрат Борбасов, аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ардагер ұстаз, спортшы Жаңабай Қалмағанбетов мен Айбек Имашев көпшілікті құттықтап, шара шымылдығын ашты.
Осылайша жалпы алаңы 800 шаршы метр футбол алаңын шайырлықтардың игіліген тапсырылды. Бұл шаруаға ауыл жастары да жұмыла көмектесіп, өз үлестерін қосты.
Ауылдағы жағымды жаңалыққа ауыл тұрғындары мен балалардың бәрі де қуанышты болып отыр. Футбол алаңының ашылу салтанаты аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен 7 команда арасындағы футбол ойынына ұласты.