Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мереке қарсаңында тұрғындарды өз аулаларын күл-қоқыстан тазалауға, ағаш отырғызуға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Наурыздың бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүрі.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен облыста а.ж. 21 наурыз мереке қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен бұл шара сәуір айының соңына дейін жалғасады.
“Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлығын арттырады. Облыста экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады”, - дейді басқарма өкілдері.
Ақтау қаласы бойынша а.ж. 21 наурыз сағат 9:00-ден бастап, «Әбіш Кекілбайұлы» музейінің аймағына ел ағалары мен жасөспірімдер арнайы ғылыми орталықтың көмегімен ағаш отырғызады.
Сонымен қатар, теңіз жағалаулары, мен елді мекен айналасын бей-берекет шашылған қоқыстардан тазартуға барлық мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар атсалысады.
Осыған байланысты, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мерекелік іс-шараға барлық облыс тұрғындарын өз аулаларын күл-қоқыстан тазалалауға, ағаш отырғызуға, айналаны гүлдендіруге және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырады.