«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары Шетпе ауылында сегіз бала тәрбиелеп отырған көмекке мұқтаж отбасыға құны 10 млн теңге тұратын жаңа үйдің сертификатын табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы орайда арнайы құрылған комиссия Шетпе, Жыңғылды, Жармыш, Шайыр, Онды, Үштаған, Тұщықұдық, Шебір, Ақшымырау, Қызан ауылдарынан мұқтаж отбасыларының тізімін алдырып, осы отбасыларды аяқтай аралап, жағдайларымен танысты.
Биыл Қаламқас мұнайына 45 жыл толуына орай өндіріс жастарының бастамасымен 45 игі істер жоспары жасақталған болатын. Осыған орай Тұщықұдық ауылындағы "Айдар Ишан Ата" руханият үйінде 200-ге жуық кенорын қызметкерлеріне ауызашар берілді.
Ауызашарға мұнайшылармен қатар Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Светқали Нұржан, өлкеміздің өнер зерттеушісі, жыршы Ақылбек Тасқара, Маңғыстау облысының депутаттары Уайс Ерсайынұлы мен Аят Исатайұлы қатысты. Кеш қонақтары Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған мәселелерді де қозғады. Оның ішінде қоғамдағы орын алып отырған түрлі келеңсіздіктер мен жаһандану заманындағы қазақ ұлтының жағдайы жөнінде терең ойларымен бөлісті. Қонақтардың ойлы әңгімелерімен рухани сусындаған кенорын қызметкерлері осы тамаша кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.