Бұл туралы Маңғыстау облысының тұрғыны, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық өзінің фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Құқын қорғай білетін сауатты ұрпақ дайындауымыз керек. Менің ұсынысым: мектепте 5 пен 11-сыныптың арасында жас ерекшелігіне қарай «заң» пәнін енгізу қажет.
Ол үшін барлық педагогикалық университеттерде «заң» пәнінің мұғалімі мамандығын дайындайтын арнайы бөлім ашылуы тиіс.
Еліміз құқықтық зайырлы мемлекет болғанымен, халқымыздың құқықтық сауаты өте төмен.
Біздің қарапайым халқымыз заң білмегеннен кейін, өз адал еңбегін талап ете алмайтын, өз құқын өзі қорғай алмайтын жағдайға жетті.
Азаматтарымыз күн сайын, алаяқтардың алдауына түсіп, жем болып жүр.
Елімізде сыбайлас жемқорлықтың азаймай отыруының басты себебі де сол. Біздің заң білмегендігіміз, заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды.
Сондықтан да біздің көптеген азаматтарымыз нақақтан түрмеде отыр.
Мектепте көптеген пәндер 11 жыл бойы тереңдетіліп оқытылады. Бірақ шынайы өмірде сол оқығандарымызды пайдалана бермейміз. Мысалы, өмірде физикадан формула шеше алмағаннан немесе орыс әдебиетінен Пушкиннің өлеңін жатқа білмегенен қорлық көрген жеріміз жоқ.
Біз тек қана заң білмегеннен, өз құқымызды өзіміз қорғай алмағаннан қиындық көріп келеміз.
Егер де әр азамат заңды жақсы білетін болса, өз құқын өзі қорғайтын болады. Әрине, қазір 9,10-сыныптарда «құқық негіздері» пәні жүреді, бірақ оны заң маманы емес, тарихшы немесе сағаты жетпеген музыка пәнінің мұғалімі де оқыта береді. Оның өзінде «құқық негіздері» сабағы 10-сыныпта қосымша сабақ ретінде жүреді. Балаларымыздың құқық жағынан сауатсыз болуы – заңдылық.
Ал заң пәнін оқыту үшін артық сағатты қайдан алуға болады?
Мектепте орыс тілі мен әдебиеті біріктіріліп аптасына 3 сағат 11 жыл бойы оқытылады.
Біз неге, өзге мемлекеттің тіліне оқытуға миллиардтаған қаржы жұмсап, басымдылық береміз?! Сол екі пәннің сағатын азайтып, «заң тану» сабағын оқытуға болады. Сонда мектепте 7 жыл «заң» пәнін оқыған бала мектеп бітірген кезде қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, тіпті шетел заңдарын толық білетін, өзі де заңмен жүретін сауатты азамат болып шығады. Сол кезде елімізде жемқорлық та азаяды, қоғам да өркендеп дамитын болады.
Адамға өмір сүруі үшін ауа қандай қажет болса, қоғамда еркін өмір сүру үшін заңды білу сондай қажет. Біз сонда ғана зайырлы, құқықтық демократиялық мемлекетке айналамыз. Заң түзелсе, заманда түзеледі!», деп жазды Жәнібек Қожық.