ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Айтуар Қошмамбетов Ақтаудағы заманауи құбырлар шығаратын зауыт жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Qarmet Tubular Products Aktau ЖШС Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау теңіз портынан 5-6 шақырым жерде орналасқан. Мұнда өнеркәсіпке, су және газ коммуникацияларын тартуға арналған әртүрлі жабындылары бар құбырларды шығарады.
Стратегиялық орналасуы Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран порттарына құбырларды теңіз арқылы жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, еліміздегі ірі мұнай-газ және басқа да жобалар үшін құбырлардың жылдам жеткізілуі қамтамасыз етілген.
Зауыт басшылары партия өкілдеріне бүкіл өндірістік циклды көрсетті. Импортты алмастыру мақсатында салынған зауытта қажетті техникалық, инженерлік, өндірістік ресурстар бар. Оның жобалық қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайды. Алайда, іс жүзінде кәсіпорын бірнеше есе аз өнім шығарады.
«Нарықта біздің өнімге сұраныс өте жоғары. Дегенмен, отандық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар ұқсас өнімді шетелден сатып алады. Біз нарықты зерттедік: біздің өнімдер сатып алынған өнімдерге барлық жағынан сәйкес келеді. Мысалы, облыс орталығында құбырлар тартылып жатыр, неге екені белгісіз, бізден емес, көрші елден сатып алып жатыр. Жұмыспен қамтамасыз ететін, салық төлейтін, шағын кәсіпкерлердің тізбегін құрайтын отандық тауар өндірушілерді заңнамалық деңгейде қорғау қажет», - деді «Qarmet Tubular Products Aktau» ЖШС толық циклі және сату бөлімінің басшысы Владимир Тілеубаев.
«Мәжілісте үшінші сессия бастала сала отандық тауарды сертификаттау мәселелері қаралатын болады. Бұл отандық өндіріс тұжырымдамасының өзін қайта қарауды қажет етеді. Тиісінше, оны қолдау шаралары да қаралатын болады», - деді Айтуар Қошмамбетов.