Маңғыстаулық спортшы еркін күрестен ҚР чемпионы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1-11 наурыз күндері Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен (U15 кіші жасөспірімдер және U20 жастар арасында) Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті.
Аталған жарыста Маңғыстау облысының құрама командасы үздік нәтиже көрсетіп, өңір қоржынына 8 жүлде салды.
Еркін күрестен U20 жастар арасында 65 келіде Майис Алиев күміс жүлдегер атанса, 97 келіде Камиль Куруглиев ел чемпионы атанды.
Ал, 15 жасқа дейінгі жасөспірмдер арасында Сағымбай Мухамбетали 41 келіде 3-орын иеленді. ⠀⠀⠀⠀⠀
Сондай-ақ, маңғыстаулық балуан қыздар бес медаль жеңіп алды. Олар қатарында 33 кг салмақ дәрежесінде екінші орынды Шынарай Орынғали және 39 кг салмақта Асылай Даулет иеленді. Ал үшінші орынды Анастасия Воробьева (54 кг), Мия Микаилова (58 кг), Эльвира Сыздықова (53 кг) қол жеткізді.
ҚР чемпионы атанған Камиль Куруглиев өткен жылы Италия астанасы Рим қаласында жасөспірімдер арасында еркін күрестен Әлем чемпионы атанған болатын. Ал Майис Алиев еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері.