Қарақия ауданында халық батыры Ер Шабай Қонысұлы атындағы V республикалық турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдодан 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтіп жатыр. Аталған сынға республиканың әр өңірінен 12 команда бақ сынауда. Оның ішінде Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Ақтау, Жаңаөзен қалалары және Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия қала-аудандарынан үш жүзден аса спортшы келді.
Аталған шараның ашылу салтанына Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
- Бұл республикалық турнир бүгінде дәстүрге айналып, осымен бесінші өтіп жатыр. Бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Қарақия ауданы әкімдігіне, демеушілерге және «Ер Шабай Қонысұлы» атамыздың ұрпақтарына рахметімізді айтамыз. Әр өңірден келген жас спортшыларға сәттілік тілейміз, - деді турнирдің ұйымдастырушылары.