Кеше Астанада Қазақстанның XI Азаматтық форумы өз жұмысын бастады. Форумға ҮЕҰ көшбасшылары, қоғамдық кеңестердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың, өңірлік және ұлттық даму институттарының, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтық белсенділерден құралған 600-ден астам делегат қатысып жатыр. Олардың қатарында Маңғыстау облысынан да өкілдер бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін - азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» тақырыбымен өтіп жатқан форум аясында «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды, онда қоғамдық кеңестердің қызметі талқыланады. Қазіргі уақытта елімізде 258 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның ішінде республикалық деңгейде – 35, жергілікті деңгейде – 223. Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің құрамында азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істеуде. Орта есеппен 86 % азаматтық қоғам өкілдері құрап отыр.
Сондай-ақ, форумда «Азаматтық қоғам институттары: әділ Қазақстанның құрылысын шоғырландыру», «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік», «Халықтық дипломатия – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиімді сыртқы саясатының кепілі», «Орталық Азиядағы ТДМ-ға қол жеткізуді жеделдету үшін азаматтық қоғаммен өңірлік әріптестік құру» тақырыбында талқылаулар болып, азаматтық қоғам өкілдері пікір алмасты.
«Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үдерісіндегі өңірлік аспект» тақырыбындағы панельдік сессияда Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсының президенті Жібек Ахметова спикер болып, Маңғыстаудағы азаматтық қоғам өкілдерінің озық тәжірибелері туралы айтты.