Астанада өткен жас патриоттар форумында маңғыстаулық спортшы Ангелина Кузьмичева «Жас спортшы» номинациясымен марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ангелина Кузьмичева - полиатлоннан жүгірумен бессайыс бойынша Ресейдің Калуга жерінде 11-16 қыркүйек аралығында өткен Әлем чемпионатының жеңіпазы. Спортшы Александр Кабаргин мен Владимир Глуцкийдің жетекшілігімен жаттығады. Ангелина - Қазақстан чемпионы және әлем чемпионы. Осы жылы 14-19 сәуірде Беларусь Республикасының Могилев қаласында полиатлоннан Әлем чемпионы атанған болатын.
Шараға еліміздің барлық өңірінен келген 7-14 жас аралығындағы жас ақындар, жазушылар, блогерлер, суретшілер, артистер мен спортшылар қатысты. Жас таланттар биыл ғылыми жобалар дайындап, кейбірі ерлік танытып, түрлі жарыстарда ерекшеленді.
-Бүгін біз оқуда, спортта, өнерде және басқа да салаларда ерекше көзге түскен жас патриоттарды марапаттай отырып, балалар жылын қорытындылаймыз. Сіздердің әрқайсыларыңыз еліміздің мақтанышы және болашағысыздар. Мемлекет балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып, зияткерлік мүмкіндіктерін іске асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатыр. Сіздерге толағай табыстар тілеймін, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, республикалық таланттар байқауының қатысушылары да марапатталды. Үздік жұмыстардың авторлары ноутбуктер мен басқа да бағалы сыйлықтарға ие болды.
Барлығы 10 номинация бойынша 30 жеңімпаз анықталды.