Ақтауда балаларға арналған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
9 жастан 13 жасқа дейінгі дарынды, оқуда және шығармашылықта табысқа жеткен оқушылар, ерекше қажеттіліктері бар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін «Grand Nur Plaza» салтанат залында думанды мереке ұйымдастырылды.
Салтанатты шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев баршаны келе жатқан мерейлі мерекемен құттықтады.
«Ел Президенті әр жолдауында өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуіне жағдай жасау керектігін үнемі айтады. Сондықтан да барлық мемлекеттік органдар әрқашан балаларға жағдай жасап, дамытуға дайын. Біздің өңірімізде «Балалар жылы» аясында көптеген әлеуметтік нысандар ашылды. 180-нен астам спорт алаңдары, сонымен бірге, мектеп, балабақшалар балалар игілігі үшін пайдалануға берілді. Балаларды еліміздің ертеңі, тәуелсіздік ұрпақтары деп білеміз. Әрқашан ашық аспан астында шадыман күйде алаңсыз оқып, жетілулеріңізге біз тілектеспіз! Ертеңгі күні егемен еліміздің дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз. Ата-аналарыңыздың үміттерін ақтап, үлкен азамат болуңыздар. Санаулы күндерден кейін біз жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. Жаңа жылда жаңа жетістіктер тілеймін», - деді Ұлықбек Тналиев құттықтау сөзінде.
Жаңа жылға арналған шараға облыс бойынша 250 бала қатысты. Олардың әрқайсысына мемлекет басшысы атынан 100 000 (жүз мың) теңгенің сертификаты және жаңа жылдық тәтті сыйлықтар тарту етілді. Сонымен бірге, «Grand Nur Plaza» салтанат залында мерекелік түскі ас берілді.
Маңғыстау облысында ұйымдастырылған ҚР Президентінің Жаңа жылдық шыршасына 35 миллион теңге қаржы бөлінген. Балаларға түрлі анимациялық кейіпкерлер бейнесіндегі әртістер қойылым ұсынып, мерекелік кештің көңілді өтуіне үлес қосты. Сондай-ақ, шырша мерекесіне қатысушы әр балаға Президент атынан танымдық кітаптар мен құттықтау хаты табысталды.
Ақтауға келген оқушылар үшін қаланың көрнекті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылады. Жасөспірімдер Ә.Кекілбаев атындағы облыстық тарихи өлкетану мұражайына және Қ.Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханасына арнайы баратын болады.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, 4-23 желтоқсан аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін «Туған күніңмен, Балдәурен!» атты Жаңа жылдық шыршаға өңірден республикалық, облыстық байқауда жеңімпаз атағнан шығармашыл 12 оқушы барған.