Өңірде мобильді аударымдардың салықтық бақылауына қатысты мәселелер қоғамның қызу талқысына түсті. Осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Жанаргүл Ракашова брифингте бірқатар сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет?
Жанаргүл Ракашованың айтуынша, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Егер сатушы қолма-қол ақша талап етсе не істеу керек?
- «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес төлемнің әр түрлі тәсілдері көзделген – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап). Ал, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар: алғашында - ескерту, қайталап заң бұзғаны үшін – 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК-нің 194-бабы). Адал кәсіпкерлерге алаңдайтын ештеңе жоқ. Ал, тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек, қана өз кірістерін жасыратын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғалар ғана тексеруге жатады, - деді Жанаргүл Ракашова.
Сонымен қатар, жиында салық органдарының берік ұстанымы жазалау емес, түсіндіру екені нақтыланды. Ең маңыздысы мобильді аударымдарды әртүрлі өмірлік жағдайларда туыстарына, достарына, әріптестеріне және т.б. аударуға шектеулер жоқ.
Бүгінде бизнесті жүргізуге және дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді. Салықтың пайыздық мөлшерлемесі қызмет түріне байланысты тек 1% - дан 4% - ға дейін құрап отыр. Қазір салық міндеттемелерін адал орындау әлдеқайда тиімді.
Нақтылап айтар дүние, бөлшектенген сауда салығы үшін қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364 түрге кеңейтілді, сонымен қатар Жаңаөзен қаласы мәслихаты шешімімен жеке табыс салығының мөлшерлемесі 2025 жылы 2% - ға төмендетілетін болды. Сондай-ақ, басқа аудандар бойынша мәслихатпен бөлшектенген сауда салығы пайыздық мөлшерлемесін төмендету мәселелері қарастырылуда. Осылайша, кәсіпкерлер өз қызметінде аталған режимді пайдалана алатынын қаперіңізге береді.
Сондай-ақ, азаматтар қажетті ақпаратты алу үшін мына орталықтарға хабарласа алады:
- 1414 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласып, қажетті ақпаратты алуға болады. Байланыс орталығы жауап беруге дайын;
- жалпыға бірдей декларациялау мен мобильді аударымдар бойынша сұрақтарды «Telegram» мессенджеріндегі чатқа жазып, жедел жауап алуға болады.
Чатқа мына сілтеме арқылы : https://t.me/+68VtkWb1WIgxODky;
- Маңғыстау облысының әрбір мемлекеттік кірістер басқармаларында ақпараттық қолдау көрсету үшін «Консультативтік орталықтар» бар екенін хабарлайды. Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлер үшін қолайлы заңды тетіктер әзірлеген.
Сонымен қатар, көлеңкеден шығып, заңды жұмыс жасауға көшуге дайын кәсіпкерлерге жәрдемдесуге дайын. Атап айтқанда, мынадай қызметтер көрсетіледі:
- фискалдық сүйемелдеу, кәсіпкерлерді тіркеудің алғашқы қадамдарынан бастап, қазірдің өзінде декларацияны толтыру бойынша функцияларды іске асыру, оған салық сомаларын толтыруға және есептеуге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ;
- сервистік тәсіл, ҚҚС бойынша шекті деңгейге жеткендігі туралы, банктік қосымшадан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мүмкіндігі туралы хабарлайтын сервистер әзірленді;
- бизнесті қолма-қол ақшасыз төлемдермен жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлерде салықтық тексерулердің болмауы.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексі шеңберінде кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары көзделетін болады.