Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Исатай Сматов былтыр облыс бойынша соттарға барлығы 784 әкімшілік талап қою түскендігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Оның ішінде, сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту, салық, жер, мемлекеттік сатып алу санатындағы даулар бойынша талап қоюлар басым болды, - дейді ол.
Есепті мерзімде барлығы 321 әкімшілік іс шешім шығару арқылы аяқталса, оның 124 қанағаттандырудан бас тартылған, 78 іс ішінара қанағаттандырылған және 119 толық қанағаттандырылған.
- Жалпы, шешім шығару арқылы аяқталған әкімшілік істердің 197-сі қанағаттандырылды. Оның 134 жергілікті атқарушылық немесе мемлекеттік органдарға қатысты шығарылды. Есепті кезеңде барлығы 392 талап қою қайтарылды,- деп атап өтті Исатай Сматов.
Талап қоюлардың басым көпшілігі тараптардың татуласу немесе медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуіне, берген талап қоюды кері қайтарып алуына және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.