20 қазаннан бастап Маңғыстау облысының аумағында "Браконьер" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты-табиғат қорғау заңнамасының бұзылуын және биологиялық ресурстар мен нысандардың заңсыз айналымын анықтау, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс ДП-ға сілтеме жасай отырып.
Осылайша, операцияның 23 күнінде табиғат қорғау заңнамасының 130 дерегі анықталды. Оның ішінде 3 қылмыстық іс қозғалды, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы бойынша 127 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзу), 84 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Әкімшілік кодекстің 383-бабы бойынша 16 дерек (балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК 484-бабы бойынша 27 дерек тіркелді. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің баптары бойынша ашылған қылмыстар: сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай – ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану бойынша 2 қылмыс, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау бойынша 1 қылмыс. Құқық бұзушыларға салынған айыппұлдардың мөлшері 1 225 200 теңгені құрады. "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы Маңғыстау облысында 19 қарашаға дейін жалғасады.